
Түркістан облысында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде атқарылып келеді. Осы орайда Жетісай ауданында газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілу үстінде. Аудандағы 105 елді мекеннің 89-ы «көгілдір отынға» қосылып, табиғи газ тұтынатын елді мекендердің үлесі 84,7 пайызға жетіп отыр.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мен қолайлы орта қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту тапсырмасына сәйкес ҚР Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында 2 елді мекенге «көгілдір отын» берілді.
Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Жетіқазына және Әлімбетов (Бәйтерек) елді мекендерін газдандыру рәсіміне аудан әкімі Серік Мамытов пен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Ақылбек Абилдиев қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті. Бұған дейін аталмыш елді мекендерде көмір жағып, күл шығарып келген 2600 тұрғын енді «көгілдір отынды» еш кедергісіз пайдаланатын болады.
– Бүгін сіздермен «Конституция күні» мерекесі қарсаңында қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Ел Президенті мен облыс басшысының инфрақұрылымды жақсартып, ауылдарды дамыту жөнінде тапсырмасы аясында ауданымызда қарқынды жұмыс жүргізудеміз. Қаржының мүмкіндігіне қарай инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Ешбір елді мекен біздің назарымыздан тыс қалмайды, – деді аудан әкімі Серік Мамытов.
Елді мекендерді газдандыру жұмыстарының қарқынды жүргізілуінің нәтижесінде өткен жылы Ж.Ералиев ауылдық округінің Абай, Қызылқұм ауылдық округінің Қызылқұм, Қызылту және Қарасақал елді мекендеріндегі 6600 тұрғын газға қосылса, биылғы жылдың басынан бері Қызылқұм ауылдық округінің Түркебай, Жалпаққұм, Алғабас, Ақтөбе, Қосқұдық және Мақталы, Абай ауылдық округінің Халықтар достығы, Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Күрішті, Жаңа ауыл ауылдық округінің Әбдіхалық және Мырзашөл, Мақталы ауылдық округінің Дархан елді мекендеріндегі 11 мыңға жуық тұрғын «көгілдір отынды» пайдалану мүмкіндігіне ие болған.
Жыл соңына дейін Қарой, Атақоныс, Сейфуллин, Сарқырама және Мақталы, Датқа, Көбек, Киров және 1-мамыр елді мекендеріне газ беріліп, тұтынушылар санын тағы 10 400 адамға арттыру, 2027 жылы аудан тұрғындарының табиғи газбен қамтылуын 100 пайызға жеткізу жоспарланған.
Бұдан бөлек Мақтаарал ауданында тазалық пен экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған нақты қадамдар жасалып келеді. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында қолға алынған. Аталған бағдарлама аясында облыс әкімінің тапсырмасы бойынша облыстық бюджеттен 239,15 миллион теңге қаржы бөлініп, ауданның коммуналдық шаруашылық саласына қажетті жаңа техникалар сатып алынуда.
Атап айтқанда, бөлінген қаражатқа жалпы саны 11 дана трактор (оның ішінде қар, құм, шаң тазалайтындары бар), 11 тіркеме, 3 дана жүк тиегіш (погрузчик), 11 дана трицикл және 1 дана көтергіш техника (автогидроподъемник) алу жоспарланған. Бұл техникалар аудан аумағындағы санитарлық тазалықты жақсартуға, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару жұмысын жүйелеуге, сондай-ақ жалпы экологиялық мәдениетті арттыруға үлкен септігін тигізбек.
Бүгінгі таңда осы техникалардың алғашқы легі – 11 дана трактор, 11 тіркеме және 3 дана погрузчик ауданға жеткізіліп отыр. Аудан тұрғындары бұл қуанышты жаңалықты ерекше ықыласпен қабылдады. Техникалардың кілтін ресми түрде аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы ұйымдастырылған салтанатты шара барысында жүргізушілерге табыс етті.
Өз сөзінде аудан басшысы жаңа техникалардың халық игілігіне қызмет ететінін атап өтіп, бұл жұмыстар елді мекендердің тазалығын жақсартуға үлкен үлес қосатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, бұл бастама аудандағы коммуналдық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеріп, еңбек өнімділігін арттырады деп күтілуде. Сонымен қатар тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруда жергілікті билік пен халықтың бірлескен іс-әрекеті үлкен рөл атқаратыны белгілі. Сондықтан алдағы уақытта аудан әкімдігі тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын таппақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
