
Түркістан облысында тұрғындарды таза ауыз сумен қамту мәселесі – өңір басшылығының күн тәртібіндегі басты басымдықтардың бірі. Өңірді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауында тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылдың соңына дейін халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы да — ерекше назарда.
Республика көлемінде елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі қалалар мен ауылдық елді мекендердің қамтылу пайызы бойынша екі негізгі көрсеткіш арқылы бағаланады. Түркістан облысы бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатқан өңірлердің қатарында келеді. Облыстағы қалалар немесе 542 мыңға жуық тұрғын 100% ауыз сумен қамтылған. Сонымен қатар 756 ауылдық елді мекеннің 98,1%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Алайда, ауыз су сапасы мен жеткізілу уақыты, инфрақұрылымның тозуы және кейбір елді мекендерде судың мүлдем болмауы секілді шешілуі тиіс өзекті мәселелер де бар. Өтпелі кезеңде альтернативті су жеткізу шараларын ұйымдастыру міндеттелді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Шардарада ескі су тазарту жүйесінің тозуы жаз мезгілінде халыққа тұрақты су беруге кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені шешу үшін жалпы құны 16,9 миллиард теңге болатын «Шардара топтық су құбыры» жобасы іске асырылуда.
Сол секілді Сарыағаш қаласында да халық санының артуы, сондай-ақ жаз мезгілінде ауыз суды мөлшерден тыс тұтыну (кейде тіпті ағын судың орнына пайдалану) салдарынан «Қапланбек» су тазарту станциясының қуаттылығы жеткіліксіз болып отыр. Осы мәселені шешу мақсатында Р-1 каналынан магистралды су құбырының құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, су тазарту станциясының жобасы жоспарланған.
Облыста биыл жалпы 66 су нысанының құрылысы жүргізілу үстінде. Бұл жобаларға бюджеттен 45,8 миллиард теңге бөлінген. Облыс әкімі бұл қаржыларды тиімді әрі дер кезінде игеруді тапсырды. Сондай-ақ биылғы басты көрсеткіш – 30 елді мекенде су жүйелерінің құрылысын толық аяқтап, ауыз суға қосу. Бұл үшін бюджеттен 19,7 миллиард теңге бөлініп, мердігерлермен шарт жасалған.
Ауыз суды кестемен алатын ауылдардың мәселесі – жіті назарда. Жалпы, облыста 756 ауылдық елді мекен су құбырына қосылған болса, соның ішінде 192 елді мекенге ауыз су кестемен беріледі. Оның негізгі себептері ретінде жер асты суларының төмендеуі, су тазарту қондырғыларының қуаты жеткіліксіздігі, инфрақұрылымның тозуы, судың үнемсіз пайдаланылуы аталды. Мысалы, Сауран ауданы Оранғай ауылында тартылған су жүйелері қараусыз қалып, жабдықтар ұрланған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
