2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Биылдың өзінде 159 көшеге жөндеу жұмыстары жоспарланып, бүгінде 79-ында құрылыс толығымен аяқталды

Түркістан қаласында инфрақұрылым жаңарып, тұрғындар игілігіне қажетті жобалар жүйелі түрде жүзеге асуда. Қала көшелері жаңартылып, коммуналдық жүйелер тартылып жатыр. Биылдың өзінде 159 көшеге жөндеу жұмыстары жоспарланып, бүгінде соның 79-ында құрылыс толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қала аумағындағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Аймақ басшысы Отырар шағынауданындағы жолдарды орташа жөндеу жұмыстарына назар аударып, нысандардың сапасын көзбен көріп бағалады.

Сондай-ақ әкім Ойсыл қара және Шаян көшелерімен жаяу жүріп өтіп, құрылыс сапасын тексерді. Жергілікті тұрғындармен тілдесіп, олардың пікірлерін тыңдады. Нұралхан Көшеров мердігер компанияларға нақты тапсырмалар беріп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше мән беруді, жолдардың тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз болуын басты талап ретінде атап өтті.

– Ең бастысы – сапа. Тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігі — әрқашан бірінші орында. Сондықтан әрбір жұмыс уақтылы әрі сапалы орындалуы тиіс, – деді облыс әкімі.

Түркістан қаласының күннен-күнге жаңарып, инфрақұрылымдық даму көрсеткіштерінің артып келе жатқаны – жергілікті билік пен халық арасындағы сенімді серіктестіктің нәтижесі. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ.

Кеше Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы да шаһар аумағындағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан болатын.

Сапар барысында алдымен А.Тұтқабай көшесі мен Сапарбай болыс көшесінде жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Сонымен қатар М.Әбенова көшесіндегі күрделі жөндеу жұмыстары мен Тұран шағынауданындағы Айтуар би көшесіндегі орташа жөндеу жол құрылыстарын аралады.

Бұдан бөлек қала басшысы Бейімбет Майлин көшесін күрделі жөндеу жұмыстарын және О.Жандосов көшесінде аяқталған реконструкциялау нәтижесін тексерді. Әзімбек Пазылбекұлы жауапты мердігерлерге сапаны басты назарда ұстап, жолдардың тұрғындарға ыңғайлы әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ қала басшысы индустриалды аймақтағы кешеннің құрылысы жүргізіліп жатқан аумақта болып, жобаның жүзеге асу жоспарымен танысты. Бұл кешеннің іске қосылуы қала экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік тудырады деп күтіліп отыр.

Қала әкімі сапар соңында әр нысан бойынша нақты тапсырмалар беріп, жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Осы тұста атап өтер маңызды мәселе, жол қозғалысы қауіпсіздігі мен жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп жасындағы балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында қала аумағындағы жалпы білім беру мекемелерінің маңында арнайы жол бөлу сызбалары жүргізіліп, жаяу жүргінші өткелдері жаңартылып жатыр.

Жол белгілерін жаңарту оқушылардың мектепке бару және қайту барысында қауіпсіз қозғалуына мүмкіндік беріп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.

Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін арттыру мақсатында жаңа түсіндіру және ескерту белгілері орнатылып, жүргізушілер мен тұрғындар арасында профилактикалық үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан қаласы аумағында жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Осы жолдардың 430,1 шақырымы қанағаттанарлық жағдайда болса, 419,9 шақырымы қиыршық тасты жолдар санатына жатады.

Биылғы жоспар аясында ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың нәтижесінде жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға дейін артатын болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You