
Бүгін Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылары мен патрульдік полиция полкінің қызметкерлері оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Әсіресе, алғашқы қоңырауға келген бірінші сынып оқушылары ерекше қуанышқа бөленді. Полицейлер оларға ойыншық патрульдік көліктерді тарту етіп, мерекенің көңілді сәтіне айналдырды.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, мұндай шаралар балалардың полицияға деген сенімін қалыптастырады.
– Біз үшін балалардың алғашқы мектеп күнінен бастап тәртіп сақшыларына сенім артуы маңызды. Олар әрқашан полицейлердің кез келген сәтте көмекке келуге дайын екенін сезінуі қажет, – дейді тәртіп сақшылары.
Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауында Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейінің ауласы қуаныш пен шаттыққа толды. Бұл ерекше күні балаларды құттықтау үшін Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Бахтияр Бегдуллаұлы Есжанов және Патрульдік полиция полкінің командирі полиция подполковнигі Талғат Мықтыбекұлы Дәнебеков арнайы келген.
Құрметті қонақтар бірінші сынып табалдырығын аттаған балдырғандарға қазақ полициясының ойыншық көліктерін тарту етіп, қуаныш сыйлады. Бүлдіршіндердің зейінін ашып, мектеп ережелерін түсіндіріп, жаңа оқу жылына табыс тіледі. Бұл қадам – жас ұрпаққа тек білім ғана емес, тәртіп пен Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеудің жарқын үлгісі!
Ал қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Маулен Ахметов №89 мектептегі салтанатты жиынға қатысты. Полиция полковнигі ұстаздарды, ата-аналарды және оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оқушыларға білім жолында табыс тіледі. Өз сөзінде Мәулен Ахметов тәртіп пен жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтіп, балаларды әрдайым қауіпсіздік ережелерін сақтап, заңды құрметтеуге шақырды. Сонымен қатар, полицей «Жас сақшы» арнайы сыныптарының оқушыларымен кездесті. Кездесу барысында ол мұндай бастамалардың оқушыларға жауапкершілік сезімін, отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға, қоғамның қауіпсіздігіне өз үлесін қосуға тәрбиелейтінін ерекше атап өтті.
Мұнан өзге Шымкент қаласы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков те №132 мектептің бірінші сынып оқушыларына қазақ полициясының ойыншық көліктерін тарту етті. Бүлдіршіндерге зейіндерінің ашылып, мектеп ережелерін түсіндіріп, оқуларына табыс тіледі.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Нұрлан Алмасбековтың тапсырмасына сәйкес, барлық аудандық полиция басқармалары мен бөлімдерінің басшылық құрамы және жеке құрам таңғы сағат 07:00-ден бастап қызметке кірісті. Патрульдік полиция полкінің инспекторлары мектептердің маңында кезекшілік атқарып, мерекелік шаралар кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
