Шымкентте 100-ден астам электросамокат жүргізушісі жол ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылды

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қала аумағында электрсамокаттарды пайдалану тәртібіне бақылау күшейтілді.

Шымкент қаласында қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау мақсатында көшелерде бей-берекет қалдырылған электросамокаттарды айыптұраққа жеткізу жұмыстары қолға алынды. Патрульдік полиция қызметкерлері арнайы рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, рұқсатсыз тасталған самокаттарды анықтап, оларды айыптұраққа қойып жатыр. Бұл шара жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қала көшелерінде тәртіп орнатуға бағытталған.

Электрсамокаттарды пайдалану барысында жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүргізушілеріне кедергі келтіріп, құқық бұзушылық жасаған 100-ден астам азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Осы орайда электрсамокаттарды пайдаланған соң, қайтадан арнайы тұрақтарға немесе жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүргізушілеріне кедергі келтірмейтін орындарға қою қажеттігін еске саламыз. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда электрсамокаттарды соңғы пайдаланған азаматтар QR-код арқылы анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Осы ретте Шымсити паркінде самокаттарға байланысты рейд өтті. Патрульдік полиция қызметкерлері ретсіз тасталған электросамокаттарды анықтап, айыптұраққа жеткізді. Бұл шара жай ғана тәртіп үшін емес, ең алдымен қауіпсіздік үшін қолға алынып отыр. Өйткені бей-берекет қалдырылған самокаттар жаяу жүргіншілерге, әсіресе, балалар мен қарттарға кедергі келтіреді. Ал жолдың бойына қойылған самокаттар жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін.

«Достар! Самокатты пайдаланған соң оны кез келген жерге тастамайық. Бұл — мәдениеттіліктің де, жауапкершіліктің де белгісі. Өзімізді де, өзгелерді де қорғау — әрқайсымыздың қолымызда!», — дейді тәртіп сақшылары.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You