Шымкент шаһарында есірткі жеткізу арнасы жойылды

Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында есірткіге қарсы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. ​«Құқықтық тәртіп» және «Қарасора-2025» республикалық жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері синтетикалық есірткілерді қалаға жеткізу арнасының жолын кесті.

​Жедел іс-шара барысында Алматы қаласының тұрғыны ұсталды. Әйел азаматтың басқаруындағы көліктен салмағы 2 келіден асатын синтетикалық есірткілер табылып, тәркіленді.

​Сондай-ақ, полицейлер синтетикалық есірткілерді байланыссыз жолмен өткізумен айналысқан жергілікті тұрғынды ұстады. Тексеру барысында оның тұрғылықты мекенжайынан 200 грамнан асатын психотроптық заттар тәркіленіп алынды.

Аталған жайттар бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды.
​Полиция есірткінің заңсыз айналымына қатысу ауыр қылмыс болып табылатынын және мұндай әрекеттер үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.

Есерткіге қарсы күресте тағы бір маңызды мәселені атап өтер едік. Шымкент қаласы аумағына есірткі құралдары мен психотропты заттардың заңсыз енуіне сенімді тосқауыл қою мақсатында Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері ұдайы түрде бірлескен тексеру жұмыстарын жүргізіп келеді. Кезекті іс-шара Шымкент қаласында орналасқан «Қазпошта» АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының пошта сұрыптау-тасымалдау басқармасында жүргізді. Аталған мекеменің цехінде Кинологиялық қызмет орталығының қызметтік иттерінің қатысуымен өткен тексеру пошта жөнелтілімдері арасында есірткі контрабандасын, сондай-ақ өзге де заңға қайшы заттарды заңсыз тасымалдау деректерін анықтау мен жолын кесуге бағытталды.

Атап өту қажет, аталған тексеру жұмыстары «Қазпошта» АҚ құрылымдық бөлімі мен Шымкент қаласының Полиция департаменті арасындағы бірлескен іс-шаралар жоспары негізінде жүргізіліп жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You