Шымкент қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу тиімділігі талқыланды

Бүгін Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқановтың төрағалығымен құқық қорғау органдары басшылары мен жеке құрамының қатысуымен көшпелі ведомствоаралық кеңес өтті.

Кездесу барысында қылмыстық іс жүргізу мен құқық бұзушылықтың алдын алудың негізгі мәселелері: күдіктілерден жауап алу, Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабы бойынша ұсынымдардың сапасы және «Қылмыс картасындағы» деректердің дұрыстығы қаралды. Мәжіліс қорытындысы бойынша қала прокуроры тергеу және алдын алу жұмыстарын жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда:

жауап алу үшін жүйелі сұрақтар тізбесін әзірлеу;

ұсынымдардың сапасын арттыру;

«Қылмыс картасындағы» деректердің дәлдігін қамтамасыз ету;

«қауіпті нүктелерге» талдау жүргізіп, рейдтер өткізу;

ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту.

Кеңесті қорытындылай келе, Ғабит Мұқанов: «Заң мен Тәртіп» қағидасы аясында бізден тек әрекет етуді ғана емес, сонымен қатар алдын алуды да талап етеді. Басты мақсатымыз – құқық бұзушылықтың алдын алу, яғни олар орын алмай тұрып, қауіптерді азайту. Егер органдар келісімді түрде, жүйелі және ашық жұмыс істесе – қалада заңдылық күшейіп, тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінеді», — деп атап өтті.

Заңдылық демекші, Шымкент қаласы прокуратурасының бастамасымен «Заң мен Тәртіп» және «Жұмысшы мамандықтар жылы» қағидаты аясында уәкілетті органдармен бірлесіп, қала тұрғындарына арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі Базарқақпа тұрғын алабының Қаратөбе мәдениет үйінде өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты — азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, мемлекеттік белсенді шаралар жөнінде кеңінен ақпараттандыру, сондай-ақ алимент өндіру және жұмыссыз борышкерлер мен пробациялық есепте тұрған тұлғаларды жұмысқа орналастыру мәселелерін түсіндіру.

«Жәрмеңке нәтижесінде 10-нан астам азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, 5-еуі тұрақты жұмысқа орналастырылды. Аталған іс-шара бекітілген кестеге сәйкес айына екі рет өткізілетінін еске саламыз», — дейді прокуратура жауаптылары.

Бұдан бөлек Қаратау ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында аудан тұрғындарымен ашық кездесу өтті. Іс-шара барысында аудан тұрғындары өз құқықтарын қорғау және әлеуметтік-құқықтық мәселелер бойынша кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл акцияның негізгі мақсаты құқықтық сауаттылықты арттыру, заңсыз әрекеттердің алдын алу және азаматтарға қолжетімді заңдық қолдау көрсету болып табылады.

«Ұйымдастырылған іс-шаралар арқылы қоғамда заңға деген сенім нығаяды, ал мемлекеттік органдар мен халық арасындағы өзара ынтымақтастық күшейе түседі», — дейді прокуратура өкілдері.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You