
Шымкент қаласының Полиция департаментінде Анықтау қызметінің 34 жылдығына орай салтанатты жиын өтті. Оған департамент басшылығы, анықтау бөлімдерінің қызметкерлері және ардагерлері қатысты.
Департамент бастығы Нұрлан Алмасбеков жиынға қатысушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың жұмысына сәттілік пен жаңа жетістіктер тіледі. Полиция полковнигі анықтаушылардың қылмыстарды ашудағы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі еңбегін ерекше атап өтті. Жиын барысында Ішкі істер министрлігі мен Департамент тарапынан бірқатар үздік қызметкерлер марапатталып, ардагерлерге алғыс хаттар табысталды.
Сонымен қатар Шымкентте Анықтау қызметі күніне орай шағын футболдан турнир өтті. Спорттық іс-шараға Полиция департаментінің және аудандық басқармалардың тергеушілері мен анықтаушылары, сондай-ақ жедел-криминалистикалық басқарманың қызметкерлері қатысты. Әр команда жеңіске деген жігерін көрсетіп, бірлігі мен кәсіби шеберлігін айқындады.
Жарыс нәтижесінде бірінші орынды Әл-Фараби ауданы полиция басқармасының командасы жеңіп алса, екінші орынды Қаратау аудандық полиция басқармасының құрамасы иеленді, ал үшінші орынға Тұран аудандық полиция басқармасының командасы лайық деп танылды.
Сонымен қатар үздік ойыншылар арнайы номинациялар бойынша марапатталды: «Үздік шабуылшы» ретінде – Мадияр Айтбаев, «Үздік қақпашы» ретінде – Мақсат Төребек, «Үздік қорғаушы» ретінде Бағлан Қалмұрат лайық деп танылды.
«Бұл турнир полиция қызметкерлерінің спорт арқылы бірлігін нығайтып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға да ықпал етті», — дейді ұйымдастырушылар.
Орайы келгенде айта өтейік, Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мен Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай, «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында Спартакиада да ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ұжымдық бірлікті нығайту, кәсіби қызметте заңдылық пен тәртіп қағидатын берік ұстануға ықпал ету.
Спартакиада барысында қатысушылар спорттың бірнеше түрінен сынға түсіп, жоғары деңгейдегі дайындықтары мен командалық ынтымақтастығын көрсетті. Жарыстар әділдік пен достық рухында өтіп, қызметкерлердің ұйымшылдығын арттыра түсті. «Мұндай іс-шаралар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби әрі жеке дамуына оң әсерін тигізіп, олардың денсаулығын нығайтуға, патриоттық сезімін күшейтуге және қызметтік міндеттерін адал атқаруына серпін береді», — дейді ұйымдастырушылар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
