Шымкент қаласының аумағында бейберекет тасталған 300 электросамокат айыптұраққа қойылды

Шымкент қаласында жол қозғалысы ережелерін сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері рейдтік іс-шараларын жалғастырып келеді.

Тексеру барысында қала аумағында бейберекет тасталған электросамокаттар анықталып, олар эвакуатордың көмегімен арнайы айып тұрағына жеткізіліп жатыр. «Бұл шара — тұрғындардың қауіпсіздігі мен қала көшелерінде жаяу жүргіншілерге, жүргізушілерге ыңғайлы қозғалыс жағдайын қалыптастыру үшін атқарылып жатқан жұмыстардың бір бөлігі», — дейді жауаптылар.

Себебі, электросамокаттарды белгіленбеген орындарға қалдыру азаматтардың қозғалысына кедергі келтіріп қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының орын алуына да себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты полиция қызметкерлері ережені сақтамай, самокаттарды бейберекет тастайтындарға қатысты заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылдауда.

Осы ретте Патрульдік полиция полкі қала тұрғындарын көше мәдениетіне бейжай қарамауға, электросамокаттарды тек арнайы қойылатын орындарға қалдыруға шақырады. Әрбір азаматтың жауапкершілігі — ортақ тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты кепілі.

Сандарды сөйлетер болсақ, өткен аптада Шымкент қаласында көшеде қалдырылған 300-ге жуық электрсамокат айыптұраққа жеткізіліпті. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, пайдаланушылар ретсіз тастап кеткен самокаттар көлік қозғалысына және жаяу жүргіншілерге кедергі келтіріп жатқаны туралы тұрғындар жиі шағымдануда. Жол оқиғаларының алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары тұрақты түрде рейдтер жүргізіп, электрсамокаттарды пайдаланудағы ереже бұзу жайттарын анықтауда. Полицейлер жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігі басты назарда екенін атап өтіп, азаматтарды самокатты қолдану барысында жауапкершілікке шақырды.

Жол демекші, “Абайлаңыз — балалар!” республикалық акциясының аясында Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау аудандық Полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімінің инспекторы полиция аға лейтенанты Б.Айкозов №151 жалпы орта мектептің оқушыларына жолда жүру ережесін таныстырды. «Бала қауіпсіздігі өмір қауіпсіздігі екенін естен шығармайық», — дейді полицей.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You