Шымкент қаласының прокуроры некеге тұруға мәжбүрлеу қылмыстық іс екенін ескертті

Қазақстан Республикасының Президенті Қылмыстық кодекске Некеге тұруға мәжбүрлеу үшін жауапкершілік белгілейтін жаңа бап енгізетін заңға қол қойды.

Бұрын мұндай әрекеттер тек адам ұрлау ретінде жіктелген. Енді олар баптар жиынтығы бойынша қаралады, бұл кінәлілерге қатысты қатаң жаза қолдануға мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдық «қалыңдық ұрлау» деп аталатын заңсыз әрекеттің жолын кесуге және әйелдердің өмірлік серігін еркін таңдау құқығын күшейтуге бағытталған. Мәселен, Шымкентте 2024 жылы некеге тұру мақсатында қыздарды ұрлау фактілері бойынша 3 қылмыстық іс тіркелді. Барлық істер сотқа жіберілді, кінәлілер сотталды.

«Неке – бұл ерікті келісімге негізделген екі тең құқылы адамның одағы. Кез келген қысым көрсету немесе мәжбүрлеу бұл — қылмыс және біз оны қатаң түрде тоқтатамыз», – деп атап өтті қала прокуроры Ғабит Мұқанов.

Қала прокуратурасы қыз алып қашу арқылы некеге тұру фактілеріне қатысты істерді қатаң әрі принципті ұстанымды ұстанады. Прокуратура азаматтарды күштеп некеге тұруға мәжбүрлеу фактілері туралы хабарлауға шақырады. Мұндай істерде ешкім үнсіз қалмауы керек, үнсіздік қорғамайды, керісінше, зорлық-зомбылықты жасырып, оның жалғасуына жол ашады.

Түйін. 16 қыркүйектен бастап қылмыстық заңнамада азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған өзгерістер күшіне енеді. «Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда адам ұрлау және некеге мәжбүрлеу сияқты өзекті тақырыптарға қатысты өзгерістер қарастырылған.

Басты жаңашылдықтардың бірі — Қылмыстық кодекстің 125-бабындағы ескертпенің алынып тасталуы. Бұған дейін ұрланған адамды ерікті түрде жіберген адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін еді. Енді бұл мүмкіндік алынып тасталды: жәбірленушіні өз еркімен босатқан күннің өзінде кінәлі адам заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Сонымен қатар Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бабы «Некеге мәжбүрлеу» енгізілді. Енді бұл әрекет қылмыстық құқықбұзушылық ретінде танылады.

Некеге мәжбүрлегені үшін айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Қылмыстың мән-жайына байланысты 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұлдан бастап екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылады. Егер мұндай әрекет абайсызда ауыр зардаптарға әкелсе, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Ал егер мәжбүрлеу зорлық-зомбылықпен, кәмелетке толмағандарға қатысты, тәуелділігін пайдалану арқылы, адамдар тобымен немесе қызмет бабын пайдалана отырып жасалса, бұдан да қатаң жаза қарастырылған. Бұл өзгерістер некеге мәжбүрлеудің алдын алуға және ең алдымен әйелдер мен жасөспірімдер сияқты осал топтарды қорғауға бағытталған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You