Шымкенттік полицейлер дрон құрылғысы арқылы бірқатар құқықбұзушылықтарды анықтады

Шымкент қаласы аумағында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері және Полиция департаментінің Ақпараттандыру және байланыс басқармасы қызметкері бірлесіп, заманауи бақылау құралдарын кеңінен қолдануда. Соның ішінде дрон құрылғысы арқылы жүргізілген кезекті рейд барысында бірқатар құқықбұзушылықтар анықталды.

Атап айтқанда, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерімен қатар, қала аумағын ластау фактілері де тіркелді. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаға зиян келтіріп қана қоймай, қала тұрғындарының күнделікті өміріне қолайсыздық тудыратын жағдайлардың бірі болып табылады. Анықталған құқықбұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік шаралар қабылданып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйектегі Жолдауында атап өткендей, интеллектуалды жүйелерді енгізу – құқық қорғау саласында да тиімділікті арттыратын негізгі бағыттардың бірі. Дрондар мен интеллектуалды технологияларды пайдалану құқықбұзушылықтарды жедел анықтап, оларды дәлелдеуге және алдын алуға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласының Полиция департаменті азаматтарды заң талаптарын мүлтіксіз орындап, қоршаған ортаның тазалығына үлес қосуға шақырады. Әрбір тұрғынның жауапкершілігі – ортақ игілікке жасалған нақты қадам.

Бұдан бөлек тәртіп сақшылары «Шымкентский отводный завод» ЖШС қызметкерлеріне Жұмысшы мамандықтар жылына орай ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Сұлтан Абзалұлы Қабыл қатысып, интернет алаяқтық пен лудоманияның зиянды тұстарын түсіндірді.

Сонымен қатар, қызметкерлерге психологиялық қолдау көрсету жайы да қозғалып, өзекті мәселелер бойынша сұрақтарға жауап берілді.

Мұнан өзге шымкенттік полицейлер тарапынан қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Айталық, Шымкент қаласының Тұран аудандық полиция басқармасына қарасты №58 Учаскелік полиция инспекторлары үйлерді аралап, тұрғындармен кездесіп, құқық бұзушылықтың алдын алуда. Тұрғылықты мекенжайда тіркеусіз тұратындар, пробация есебіндегі азаматтар, отбасылық-тұрмыстық жағдайы бақылауда тұрған тұлғалар тексерілуде. Мақсат – қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және халықпен байланыс орнату. «Сіз де өз учаскелік инспекторыңызбен байланыста болыңыз – қауіпсіз қоғам бірге құрылады!», — дейді учаскелік инспекторлар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You