
Шымкент тұрғыны есірткі плантациясын көкөністер арасында жасырған. Аталған жайтты полицейлер «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында пилотсыз ұшу аппаратының көмегімен анықтады.
Қаланың шетінде орналасқан егістік алқабында көкөністердің арасынан жалпы салмағы 127 келіні құрайтын 52 түп “сора” өсімдігі мен марихуана табылып, тәркіленді. Анықталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Полиция есірткі құралдарының заңсыз айналымын анықтау және жолын кесуге бағытталған жұмысты қарқынды жалғастыруда.
Иә, есірткі – зұлым! Әрбір саналы адам мұны түсінеді. Ең бастысы, дер кезінде «жоқ» деп айту. Адамның мықты ішкі өзегі, күшті рухы болуы қажет.
Осы орайда атап өтер тағы бір жайт, Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері Қаратау ауданындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы білім беру мектебіне барып, оқушылармен кездесті. Іс-шараға Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жауапты қызметкерлері қатысты.
Полицейлер оқушылармен тәлім-тәрбиелік сұхбат жүргізіп, құқық бұзушылық және тәртіп бұзушылық жол бермей, жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын дұрыс ұстануға және бос уақытын тиімді пайдаланып, жан-жақты дамуға шақырды.
Сонымен қатар, қылмыстық жауапкершілік жасын түсіндіріп, оның ауыр зардаптарға алып келетінін, болашақта жақсы азамат болу үшін мектеп кезінен бастап үлгілі тәртіп және білімімен ерекшелену қажеттілігін жеткізді.
Адамның өмірі мен денсаулығы, құқықтары мен бостандығынан асқан ешқандай қымбат дүниелердің жоқтығын атап өтіп, қауіпсіз қоғам құру еліміздің әрбір азаматының міндеті екеніне тоқталды.
Айта өтейік, бүгін үшінші мегаполисте «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Іс-шараның мақсаты қала аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау, көшелер мен қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және олардың жолын кесу болып табылады. Профилактикалық іс-шара 14 қыркүйекке дейін жалғасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
