
Енді рет-ретімен тоқталсақ. Жаңа оқу жылының басталуына орай Шымкент қаласының 90 мыңнан астам оқушысы «Прокурорлық сағат» атты іс-шараға қатысты.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, оқушыларға құқық қорғау органдарының ардагерлері өздерінің өмірлік және кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Іс-шара аясында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында әзірленген «IDos» атты ресми «TikTok» аккаунты таныстырылды. Аталған платформада жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық бейнероликтер тұрақты түрде жарияланып отырады. Қысқа, бірақ мазмұнды бейнероликтер арқылы оқушыларға өмірлік маңызды бағыт-бағдар, дұрыс мінез-құлық үлгілері мен құқыққа қайшы әрекеттердің салдары түсіндіріледі.
«Балалар – біздің болашағымыз. Оларға қамқорлық жасау – әр азаматтың борышы», — дейді прокурорлар.
Мұнан өзге Әл-Фараби ауданы прокуратурасының ғимаратында жеке кәсіпкерлердің қатысуымен жиналыс өтті.
Онда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген жаңа 440-1-баптың мазмұны талқыланды.
Аталған бапқа сәйкес есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтынғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген. Заң бұзғандарға 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Жиналыс қорытындысына сәйкес аудан прокуроры кәсіпкерлік субъектілеріне заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар осы бағытта аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен рейдтік іс-шаралар нәтижесінде 19 ойын-сауық орны тексеріліп, 17 газ баллоны мен 107 шар тәркіленді. Заң бұзушы 22 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Атап өтер тағы бір ақпарат, Шымкент қаласында Патрульдік полиция полкі және Полиция департаментінің Ақпараттандыру және байланыс басқармасы қызметкерлері, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және таза қала қалыптастыру үшін дрон құрылғысын пайдаланып қызмет атқаруда. Сонымен қатар, дрон құрылғысы арқылы бірнеше құқықбұзушылық анықталып, олар бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданды. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының 8 қыркүйектегі Жолдауында айтылған – «цифрландыруды дамыту және заманауи технологияларды қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде кеңінен қолдану» тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
