Шымкент шаһарындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін  мотобат қызмет атқарады

Шымкент қаласы Патрульдік полиция полкінің мотопатруль (мотобат) жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күнделікті қызметін жалғастырып келеді.

Мотобаттың басты міндеті – жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен қозғалыс қарқыны жоғары көшелерде патрульдеу, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, жол ережесін сақтауды қамтамасыз ету. Сондай-ақ мотопатрульдер кептеліс орындарында, тұрғындар көп шоғырланған аумақтарда және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қадағалауда ерекше тиімділік танытады. Патрульдік полиция полкі қала тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің жолдағы тәртіпті сақтауы – өз өмірінің ғана емес, айналасындағылардың да қауіпсіздігінің кепілі.

Бұдан бөлек Шымкент қаласы Патрульдік полиция полкі тарапынан Абай ауданы аумағындағы Бадам тас жолында жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен бақылау жұмыстары жүргізілді.

Іс-шара барысында бірнеше жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, жүргізушілердің ең қауіпті әрекеттерінің бірі – қарама-қарсы бағытқа шығу фактілері тіркелді. Анықталған құқық бұзушылықтардың барлығы бойынша әкімшілік іс-құжаттар рәсімделіп, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолданылды.

Патрульдік полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. «Әсіресе, қарама-қарсы бағытқа шығу сияқты ережені өрескел бұзушылықтар ауыр салдарға әкеліп соғуы мүмкін екенін ескертеміз». – дейді полицейлер.

Тәртіп демекші, шымкенттік полицияның гарнизондық таратуы өткенін де атап өтейік. Яғни мегаполисте қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тәртіп сақшыларына арналған нұсқаулықты қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов жүргізді.

Полиция полковнигі жеке құрамның қызметке дайындығын тексеріп, нысанды киім үлгісінің талапқа сай болуын, қажетті құрал-жабдықтар мен қызметтік құжаттардың толық болуын бақылап шықты.

Сонымен қатар, полицейлерге қызметтік және орындаушылық тәртіпті қатаң сақтау, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық таныту, құқық бұзушылыққа жол бермеу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүктелген жауапкершілікті мүлтіксіз атқару қажеттігі ескертілді.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You