Шымкент қаласында азаматтардың есірткіге қарсы көзқарасын анықтау мақсатында әлеуметтік эксперимент өтті

Шымкент қаласының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және «Esbol Qory» атты қордың белсенділері адамдардың көз алдында олардың көзқарасын және әрекет-әрекетсіздігін анықтау мақсатында әлеуметтік эксперимент ұйымдастырды.

Тәжірибе барысында полицейлер арнайы жуылатын бояумен есірткі жарнамасына ұқсас жалған жазбалар қалдырып, тұрғындардың көзқарасын бақылауды көздеді. Негізгі мақсат – қоғамды күдікті жағдайға бейжай қарамауға шақыру және құқық қорғау органдарына хабар мәдениетін арттыру.

Эксперимент нәтижесінде жазуларға көбі назар аудармай, ал назар аударған тұрғындар оны салып жатқан адамға жақындап, мән-жайын сұрағанымен, бұл дерек жөнінде полицияға хабарламаған және әлеуметтік желілерде жария етпеген. Аталған жағдай тұрғындардың кейбірінің қырағылығының барын көрсеткенімен, заңды арнаға бағыттау тәжірибесінің жеткіліксіз екенін айқындады.

Эксперимент соңында қалдырылған жазбалар толығымен өшіріліп, аумақтар бастапқы қалыпқа келтірілді.

Сонымен қатар бүгін Еңбекші аудандық полиция басқармасының жеке құрамымен кезекті қызметтік жиналыс өткізілді. Іс-шара басқарма бастығы, полиция полковнигі Ж. Бейсеновтың төрағалығымен өтті.

Жиналысқа департамент тарапынан АжКДБ бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Т. Ережеп, АжКДБ-ның полиграфологі, полиция капитаны Ф. Аматаева, сондай-ақ ӨҚБ-ның жедел уәкілі, полиция майоры А. Полат қатысып, өз салалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында полиция қызметкерлеріне дене күшін қолдану тәсілдерінің заңды негіздері мен қолдану шектері жан-жақты түсіндірілді. Әрбір қызметкерге азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңдылықты сақтау және кәсіби этиканы ұстанудың маңызы ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері қаралып, қызметкерлерге құқық бұзушылықтарға жол бермеу, қызметтік адалдықты сақтау және кез келген жемқорлық көріністеріне жол бермеудің маңыздылығы түсіндірілді. Бұл бағытта нақты мысалдар келтіріліп, заң аясында жауапкершілік шараларының қолданылатыны ескертілді.

Жиын соңында басқарма басшылығы мұндай шаралардың қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, қоғам тарапынан полицияға деген сенімді нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You