Шымкенттік прокурорлардың шығынды өтеу туралы талабы толық қанағаттандырылды

Халықаралық іздеуде жүрген сотталушы 2024 жылдың шілде айында Грузия Республикасында ұсталып, Қазақстанға экстрадициялау барысында мемлекет бюджеті есебінен 1,7 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты тарапынан Әл-Фараби ауданы прокуратурасының шығынды өтеу туралы талабы толық қанағаттандырылды.

Бүгінгі таңда қозғалған атқарушылық іс жүргізу құжаты негізінде борышкерден барлық шығын толықтай мемлекет пайдасына өндірілді.

Бұл заң үстемдігін қамтамасыз ету мен мемлекет шығындарын қайтарудағы прокуратура органдарының тиімді жұмысының нақты нәтижесі екенін көрсетеді.

Ал Еңбекші ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық шара ретінде көшпелі сот отырысы өткізілді.
Іс-шара Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының ғимаратында өтті.

Сот процесіне Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің құқықтану және басқа да мамандықтар бойынша білім алып жатқан 20-ға жуық студенті қатысты.

Көшпелі сот отырысы Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі және 190-бабы 3-бөлігінің 1) тармағы бойынша айыпталған «К.» қатысты өткізілді.

Сот отырысы барысында студенттерге өздерінің немесе жақын туыстарының банктік карталарын, сондай-ақ картаның құпия деректерін (ПИН-код, CVV коды) бөгде тұлғаларға белгілі бір сыйақы үшін уақытша немесе тұрақты түрде пайдалануға беру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны нақты мысал арқылы түсіндірілді.

Аталған іс-шараның мақсаты — жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, банк карталарын заңсыз айналымға берудің салдарын көрсету және интернет-алаяқтыққа қарсы күресте сақ болуға шақыру.

Еңбекші ауданының прокуратурасы осындай алдын алу іс-шараларын тұрақты түрде өткізуді көздейді және жас ұрпақты құқықтық жауапкершілікке тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You