
Дәлірек айтсақ, Шымкент қаласы аумағында қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция тарапынан ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) қолданылуда. Дрондардың көмегімен жол-көлік оқиғаларының алдын алу, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтау және қоғамдық қауіпсіздікті арттыру көзделіп отыр.
«Осыған байланысты қала тұрғындары мен жол қозғалысына қатысушылардан мұқият болуды; жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды; қауіпсіздік шараларын орындауды сұраймыз», — деген Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі азаматтарды заң талаптарын сақтап, тәртіпке бейжай қарамауға шақырады.
Расында да, қауіпсіздік – әрбіріміздің ортақ міндетіміз.
Сонымен қатар Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Бір нүктелік» рейдтік іс-шарасын өткізді. Іс-шара барысында бірнеше құқықбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, көлік құралын заңсыз жабдықтау, әйнектерді рұқсатсыз қараңғылау (тонировка) және жүргізуші куәлігінсіз басқару деректері тіркелді. Аталған жайттар бойынша құқықбұзушыларға қатысты заң талаптарына сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Осы тұрғыда Патрульдік полиция қызметкерлері азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және көлікті заңсыз қайта жабдықтаудан бас тартуға шақырады.
Тағы бір мысал. «Бір нүктелік» рейдтік іс-шара барысында заңсыз қайта жабдықталған автокөлік анықталды. Тексеру кезінде көлік құралының техникалық талаптарға сай келмейтін шу деңгейін күшейтетін глушителі орнатылғаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша жүргізушіге қатысты әкімшілік шара қолданылды.
Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі қызметкерлері жүргізушілер арасында жол қозғалысы ережелерін сақтау және көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтаудың алдын алу мақсатын көздеген «Бір нүктелік» рейдтік іс-шарасы барысында көлік құралының алдыңғы жағына заңсыз қызыл-көк түсті жарық шамдарын (стробоскоп) орнатып алған жүргізушіні анықтады. Аталған дерек бойынша жүргізушіге қатысты заң шеңберінде тиісті әкімшілік шаралар қабылданып, автокөлік айыптұраққа қойылды.
Полиция қызметкерлері азаматтарды көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтаудан және өзге де құқықбұзушылықтардан аулақ болуға шақырады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
