
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің қалалық департаменті 2025 жылы 6 қазанда Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Прокурорлар кабинетінде» «Қылмыстық процесті цифрландыру» тақырыбында кезекті оқу сабағын өткізді.
Іс-шара барысында студенттерге қылмыстық процесті цифрландырудың өзекті тетіктері түсіндіріліп, құқық қорғау органдарына енгізіліп жатқан ақпараттық жүйелердің жұмыс істеу принциптері таныстырылды.
Сонымен қатар, заманауи цифрлық технологиялардың құқық саласындағы маңыздылығы атап өтілді. Қала прокуратурасы осы бағытта оқу сабақтарын университет қабырғасында апта сайын өткізуді жоспарлап отыр.
Қылмыс демекші, Мемлекет басшысының ізгілік қағидаты негізінде Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына орай рақымшылық жасау туралы Заңы қолданысқа енгізілді. Аталған заң – еліміздің қылмыстық және қылмыстық-атқару саясатын ізгілендіруге бағытталған маңызды қадам. Ол азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға айрықша мән беріп, әділеттілік пен адамгершілік қағидаттарын басшылыққа алады.
Осыған сәйкес, Шымкент қаласы бойынша ҚАЖД түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 655 сотталғанға рақымшылық жасау туралы Заң қолданылуға жатады. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотымен 185 сотталғанға қатысты ұсыныстар қаралып, олардың ішінде 88 адам жазадан толық босатылып, 97 адамның жаза мерзімі қысқартылды.
Рақымшылық — тек заңдық шешім ғана емес, сонымен қатар қоғамның ізгілікке, кешірім мен сенімге негізделген бағытының айқын көрінісі.
Қылмыс пен жаза хақында прокуратура өмірінен маңызды жайтпен бөліссек. Жылыту маусымында қала тұрғындарының шамамен 60%-ы пәтерлері мен үйлерінде сұйытылған газды пайдаланады. Алайда соңғы уақытта жылу жүйелеріндегі ақаулар мен қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан газдан улану оқиғалары жиілеп отыр.
Кейбір азаматтар заң талаптарын сақтамай, газ тұтыну жүйелері мен жабдықтарының техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, пәтерді жалға беру шарттарын рәсімдемей, өзге адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруде. Мұндай немқұрайлық кей жағдайда адам өліміне де әкеп соғуда.
Осыған байланысты, аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен профилактикалық мақсатта көрме сот отырысы өткізілді.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен пәтер иесі “Ж” есімді азаматша ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабының 3-бөлігі бойынша (тұтынушылар өмірінің қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетіп, абайсызда адам өліміне әкеп соғу) кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге шартты түрде жаза тағайындалды.
«Алдағы жылыту маусымы басталатындығына байланысты, қала тұрғындарынан газ жабдықтарының техникалық жай-күйін тексеріп, қауіпсіздік ережелері мен заң нормаларын қатаң сақтауға шақырамыз», — дейді прокурорлар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
