
Қазіргі таңда жалға берілетін пәтерлерде түрлі құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жиі орын алуда, оның ішінде жасөспірімдердің де қатысуымен келеңсіз оқиғалар тіркеліп жатыр.
Ересектердің бақылауынсыз қалған кәмелетке толмағандар көбіне қауіпті жағдайларға тап болып, құқық бұзушылықтардың құрбаны немесе қатысушысы болуы мүмкін. Ата-анасы немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз олар өз бетімен қалып, түрлі оқиғалар мен тәртіп бұзушылықтарға жол беруі де мүмкін. Сонымен қатар, мұндай тұрғын үйлерде тыныштықты бұзу деректері бойынша азаматтардың шағымдары жиі тіркеліп отыр.
«Осыған байланысты полиция ескертеді: ата-анасыз немесе заңды өкілінсіз жүрген жасөспірімдерді жалға берілетін пәтерлерге қабылдауға қатаң тыйым салынады. Пәтерді жалға беру кезінде жалға алушының жас мөлшерін міндетті түрде ескеріңіз. Егер оның кәмелетке толмағаны анықталса, бұл туралы дереу «102» арнасына хабарлауыңызды сұраймыз», — дейді тәртіп сақшылары.
Сонымен бірге, тиісті рұқсатсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабы бойынша жауапкершілік көзделгенін назарларыңызға жеткізгіміз келеді. Пәтерді жалға беру кезінде заң талаптарын сақтап, қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырамыз.
Тақырыпқа орай тағы бір ақпарат, Шымкент қаласының Отбасын қолдау орталығы мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы полиция лейтенанты Д.Сахибекованың және «Шымкент Добряки» клубының қолдауымен өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелге көмек көрсетілді.
Мұнан өзге бүгін Шымкент қаласының Полиция департаменті және Патрульдік полиция полкі қызметкерлері «Жолда қабылдау» акциясы аясында тұрғындарға құқықтық сауаттылық бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, олардың көкейдегі сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар, Департаменттің және Патрульдік полиция полкінің ресми әлеуметтік желідегі парақшаларынан тікелей эфир ұйымдастырылып, азаматтар онлайн форматта да өз сауалдарын жолдауға мүмкіндік алды.
Акцияның негізгі мақсаты халықпен ашық диалог орнату, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайту болып табылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
