Шымкенттік полицейлер мен прокурорлар студенттерге профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Енді рет-ретімен баяндасақ. Бүгін Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Шымкент аграрлық-техникалық колледжі студенттеріне «Бақыттың кілті — өзіңде» тақырыбы аясында отбасындағы зорлық-зомбылық және суицид (өз-өзіне қол жұмсау) бойынша профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Іс-шараға «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психолог маманы Үміт Қоңрат және Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау аудандық полиция басқармасының ЖПҚБ ОТЗЗҚКб испекторы, полиция аға лейтенанты Диана Ержанқызы Құралова қатысты. Отбасындағы зорлық-зомбылық отбасыға және қоғамға тигізетін зиянды әсерлері түсіндіріліп, олардың алдын алу жолдары насихатталды. Сонымен қатар жастар мен ересектерге суицид (өз-өзіне қол жұмсау) туралы жастардың түсінігін арттыру мен психологиялық қолдау жолдарын көрсету, қиындық кезінде көмек сұрауға дағдыландыру және өмірге деген құндылықты қалыптастыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстану мен жауапкершілікке негізделген қарым-қатынас қалыптастырудың қажеттілігі атап өтілді. Кездесу барысында қатысушылар мамандармен ашық пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қажетті кеңестер алды.

Бұдан бөлек Мирас университетінде Шымкент қаласы прокуратурасының қызметкері студент жастармен кездесу өткізіп, «Киберқауіпсіздік пен киберқылмысқа қарсы күрестің құқықтық аспектілері» тақырыбында мазмұнды лекция оқыды.

Іс-шараның мақсаты — жастар арасында киберқылмысқа қарсы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, интернет кеңістігіндегі қауіптер туралы ақпарат беру және цифрлық сауаттылықты арттыру. Лекция барысында жастарға жиі кездесетін киберқылмыс түрлерін, атап айтқанда, интернет-алаяқтық пен жеке деректерді ұрлау, фишинг, ақпараттық жүйелерге заңсыз қол жеткізу мәселелеріне тоқталды. Спикер студенттерді интернеттегі қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жеке деректерді қорғауға және күдікті әрекеттер туралы тиісті органдарға жедел хабарлауға шақырды.

Іс-шара соңында қатысушылар қызықтырған сұрақтарын қойып, киберқауіпсіздікке қатысты нақты жағдайлар бойынша кеңес алды. Бұл кездесу студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ киберқылмыстардың алдын алуға бағытталған шаралардың бірі болды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You