
Шымкент қаласының Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері «Жолда қабылдау» республикалық акциясы аясында тұрғындардың өтініштерін қабылдап, өзекті сұрақтарына жауап берді.
Акцияның басты мақсаты – азаматтар мен полиция арасындағы ашық диалог орнату, халықтың сенімін арттыру және құқықтық мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Шара барысында қала тұрғындары көлік қозғалысы ережелері, айыппұлдар мен әкімшілік шараларды қолдану тәртібі, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өз сауалдарын жолдады. Кездесуге әлеуметтік желі белсенділері мен блогерлер де қатысып, полиция қызметінің қоғаммен байланысын нығайту бағытындағы жұмыстарға қызығушылық танытты.
«Осындай ашық форматтағы кездесулер халық пен полиция арасындағы өзара түсіністік пен сенімді арттыруға мүмкіндік береді», — дейді тәртіп сақшылары.
Бұдан бөлек «Заң мен Тәртіп» және «Жұмысшы мамандықтар жылы» қағидаты аясында қала прокуратурасы мен әкімдігінің бастамасымен уәкілетті органдармен бірлесіп, қала тұрғындарына арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі «Арбат» алаңында өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты — азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу һәм мемлекеттік белсенді шаралар жөнінде кеңінен ақпараттандыру, сондай-ақ алимент өндіру және жұмыссыз борышкерлер мен пробациялық есепте тұрған тұлғаларды жұмысқа орналастыру мәселелері.
Ал Әл-Фараби ауданының прокуратурасы тарапынан құқық қорғау органдарының ардагерлерімен бірлесе отырып кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау мақсатында, құқықтық сауаттылықты арттыру, заңсыз іс-әрекеттер жасаудан қорғау, жас ұрпаққа заңға бағынушы азамат ретінде құқықтық тәлім-тәрбие беру профилактикасы аясында аудан аумағында орналасқан білім беру ұйымдарында еркін форматта кездесулер өткізілді.
Іс-шара барысында ардагерлер өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, оқушыларға бағыт-бағдар берді. Оқушылар іс-шараға белсенді қатысып, өз сұрақтарына жауап алды. «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу — қоғамның алдында тұрған басты міндеттерінің бірі», — дейді ұйымдастырушылар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
