
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытқали Оңғарұлы Кенжебаев жеке құраммен бірге «Бір нүктелік» рейдтік іс-шара аясында бірнеше бағыттағы қоғамдық көліктерге және жолаушылар тасымалдаумен айналысатын автокөліктерге тексеріс жүргізді.
Іс-шара барысында көлік құралдарының техникалық жағдайы, жүргізушілердің құжаттары мен лицензиялық талаптарға сәйкестігі, сондай-ақ жолаушылардың қауіпсіздігіне әсер ететін факторлар мұқият бақыланды.
Бақытқали Оңғарұлы: «Мұндай шаралардың негізгі мақсаты – қала аумағында заңсыз жолаушы тасымалының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әрбір жүргізуші өз ісіне жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын сақтауы тиіс, – дейді.
Бұдан бөлек 10–12 қазан аралығында Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес республика көлемінде «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жолаушылар мен жүктерді заңсыз тасымалдаудың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік құралдарының техникалық жағдайына бақылауды күшейту.
Осы бағытта Шымкент қаласы Полиция департаментінің Патрульдік полиция полкі қызметкерлері қоғамдық көліктер мен жолаушы тасымалдаумен айналысатын автокөліктерге тексеріс жүргізуде. Автокөлік жүргізушілерінің лицензиялық талаптарға сәйкестігі, көлік құралдарының техникалық жай-күйі және қауіпсіздік белдіктері бар-жоғы мұқият қадағаланады.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция полкі командирі, полиция подполковнигі Тоқтарбек Мырзакелдіұлы Аширбаев: «Біздің басты мақсатымыз – жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Әрбір тасымалдаушы азамат өз жауапкершілігін сезініп, заң талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Заңсыз жолаушы тасымалы тек табыс табудың емес, адамдардың өміріне қауіп төндіретін тәуекел екенін түсіну қажет. Біз тексеру шараларын қатаңдату арқылы осындай заңбұзушылықтардың алдын алуды көздеп отырмыз», – дейді полк командирі.
Шымкент қаласында патрульдік полиция қызметкерлері жолаушылар тасымалдайтын автобустар мен басқа да көліктерді тексеріп, олардың техникалық жағдайына және жүргізушілердің жол ережесін сақтауына назар аударып жатыр. Полицейлер көліктегі қауіпсіздік белдігі тағылған ба, жүргізуші шаршаған жоқ па, көлік жолға жарамды ма – бәрін жіті бақылауда ұстап отыр. Мақсат – әрбір адамның сапары қауіпсіз әрі тыныш өтуі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
