Созақ ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстары пысықталып, халыққа құқықтық көмек көрсетілді

Енді рет-ретімен баяндасақ. Бүгін аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов және Созақ аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Мұратовтың төрағалығымен бірқатар өзекті мәселелерге арналған жиын өтті.

Жиын барысында қараусыз жүрген төрт түлік малға байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, алкоголь өнімдерін өткізу талаптарын сақтау, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің №943 бұйрығы негізінде бекітілген «Ұрлықтарға қарсы іс-қимыл бағдарламасының» орындалу барысы талқыланды.

Басқосуда сала мамандары тарапынан түйткілді мәселелер ортаға салынып, мал ұрлығының алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындармен бірлесе жұмыс жүргізу бағытында нақты ұсыныстар айтылды.

Тақырыпқа орай атап өтер тағы бір мәселе, бүгін бұдан бөлек Созақ ауданында «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама» аясында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері халықпен кездесті.

Аталған шара Созақ ауданы прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылған «Құқықтық дәріхана» акциясы аясында өтті. Акцияның негізгі мақсаты – азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мен құқықтық мүмкіндіктер туралы жан-жақты түсіндіру, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтардың өтініштерін жедел қарау.

Қабылдау барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған жер қатынастары, әлеуметтік көмек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлікті дамыту, салықтық мәселелер мен құқықтық кеңес алу бағыттарында сұрақтар қойып, тиісті сала мамандарынан нақты жауаптар алды.

Мобильді топ мүшелері тұрғындарға заң аясында кеңес беріп, өз құқықтары мен міндеттері туралы ақпараттандырды. Сонымен қатар, кейбір өтініштер бойынша жауапты органдарға жеке тапсырмалар жүктеліп, мәселені шешу жолдары қарастырылды.

Мұндай шаралар алдағы уақытта да аудан аумағында жалғасын тауып, халық пен билік арасындағы ашық диалогты нығайтуға және құқықтық мәдениетті көтеруге бағытталмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You