Созақтықтарға «Халық заңгері» республикалық акциясы аясында құқықтық көмек көрсетілді

Ауданда азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсетуге бағытталған «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өтті. Ауқымды іс-шараны аудан прокуратурасы ұйымдастырды.

Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша жедел әрі сапалы кеңес беру және қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайту.

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов, аудан прокуроры Ғалымжан Қалапбайұлы мен аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Мұратов арнайы қатысты. Акция жұмысының барысын бақылап, тұрғындармен еркін пікір алмасты.

Шара барысында заңгерлер мен мемлекеттік органдардың өкілдері азаматтарды жеке қабылдап, әртүрлі құқықтық мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Әсіресе жер қатынастары, әлеуметтік көмек, тұрғын үй, кәсіпкерлік, еңбек және отбасы құқығы салаларындағы сұрақтар жиі қойылды.

Тұрғындарға тегін заңгерлік кеңестер беріліп, өтініштерін тиісті органдарға жолдау бойынша нақты бағыт-бағдар көрсетілді. Келушілер бұл бастаманың өзекті екенін айтып, алғыстарын білдірді.

«Халық заңгері» акциясы Шолаққорған ауылындағы «Мыңжылқы» мәдениет үйі мен аудандық орталық ауруханада, Жартытөбе ауылдық округі әкімдігінде және Созақ ауылындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You