
Бүгін Сауран ауданы әкімінің аппаратында аудан көлеміндегі қоғамдық-саяси ахуалдың жай-күйі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігін талқылауға арналған жиналыс өтті.
Жиынды аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Алимжан Сихымбай ашып жүргізді. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – өңірдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің сақталуы, осы бағыттағы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өзара іс-қимылын күшейту болды.
Кездесуге Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тілемісов арнайы қатысып, аудан аумағындағы әлеуметтік-саяси жағдайды талдап, алдын алу шаралары мен үйлестіру жұмыстарына тоқталды. Сондай-ақ, Сауран ауданының прокуроры Алмаз Асылбеков сөз алып, жергілікті деңгейде тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар мен алдағы міндеттерді атап өтті.
Жиын барысында ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшылары өз бағыттары бойынша пікір білдіріп, өзекті мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар бүгін аудан орталығында Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен «Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасының орындалу барысы талқыланды.
Жиынға Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тілемісов пен Сауран ауданы әкімі аппаратының басшысы Бекзат Абубакиров, аудан прокуроры Алмаз Асылбеков, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері мен ауылдық округ әкімдері, білім беру ұйымдарының басшылары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, педагог-психологтар мен мұғалімдер қатысты.
Кездесу барысында облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тілемісов тұжырымдаманың негізгі мақсат-міндеттеріне тоқталып, балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіз өсу ортасын қалыптастыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, мектеп пен ата-ана арасындағы өзара байланыс пен бірлескен жауапкершіліктің бала тәрбиесіндегі рөлін ерекше атап өтті.
Жиын соңында қатысушылар бала тәрбиесі, отбасылық құндылықтар және жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері бойынша пікір алмасты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
