
Қоғамдық тәртіпті нығайту, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және ішкі көшелердің санитарлық талаптарға сәйкестігін бақылау мақсатында Темірлан елді мекенінде кезекті рейдтік іс-шара өткізілді.
Рейдке округ әкімдігі мен учаскелік полиция қызметкерлері қатысып, ПМК мөлтекауданындағы Тәуке хан, Сейтқасымов, Уәлиханов, Спатаев пен Конституция көшелері тексерілді. Аталмыш аумақтарды аралау барысында бірқатар тұрғындардың санитарлық талаптарды бұзғаны анықталды. Оларға ескерту жасалып, тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар тұрғындарға заң талаптары мен жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Біле жүріңіз, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс талаптарына сәйкес, 505-бапта Аумақты абаттандыру қағидаларын бұзу туралы нақты көрсетілген. Айыппұл мөлшері мынадай:
- Жеке тұлғалар: 20 АЕК (78 640 теңге);
- Шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар: 30 АЕК (117 960 теңге);
- Орта кәсіпкерлік субъектілері: 40 АЕК (157 280 теңге);
- Ірі кәсіпкерлік субъектілері: 100 АЕК (393 200 теңге).
Бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі ұлғайтылады.
Бұдан бөлек аталмыш кодекстің 434-2-бабында Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау хақында айтылған.
- Алғаш рет: 5 АЕК (19 660 теңге);
- Қайталаған жағдайда: 10 АЕК (39 320 теңге).
Бұл баптар қоғамдық орындарды, саябақтар мен басқа да ортақ аумақтарды қорғауға бағытталған.
Округ әкімдігі мен құқық қорғау органдары елді мекендегі санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және тұрғындардың жауапкершілігін арттыру мақсатында мұндай рейдтік іс-шараларды жалғастырады.
Тазалық сақтау әр азаматтың мәдениеті мен ортақ парызы екенін еске слғымыз келеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
