
Ауданда өскелең ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыру, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып келеді.
Осы мақсатта Ордабасы аудандық прокуратурасы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында түсіндіру кездесуін ұйымдастырды. Іс-шара аудан орталығы Темірландағы Шоқан Уәлиханов атындағы гимназияда өтті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз, аудандық білім бөлімі мен прокуратура өкілдері, ұстаздар, ата-аналар және оқушылар қатысты.
Жиында жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыру, құқыққа қарсы іс-әрекеттердің салдарын түсіндіру және отбасындағы тәрбиенің маңыздылығын көтеру мәселелері кеңінен талқыланды. Прокуратура қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан шаралар жөнінде айтып, ата-аналарды бала тәрбиесіне ерекше мән беруге шақырды.
Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары қоғамдағы құқықтық тәртіп пен жас ұрпақ тәрбиесінде ата-ананың рөлін айрықша екенін атап өтті. Мұндай түсіндіру кездесулері алдағы уақытта да аудан аумағындағы өзге білім беру ұйымдарында жалғасын табады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
