Кентауда жастардың тәрбиесі назардан тыс қалған емес

Оған дәлел, Кентау қаласында Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында «Заң мен Тәртіп» идеологиясын жасөспірімдер арасында насихаттау және құқықбұзушылық профилактикасы тақырыбындағы кең көлемді жиын. Кездесуге қала жастары мен мектеп оқушылары, колледж студенттері, ұстаздар мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Шараның негізгі мақсаты жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, теріс әрекеттердің алдын алу және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру болды.

Кездесуді халықтық атағы бар «Шапалақ» театрының әзірлеген «Ғаламтордағы алаяқтық» атты тәрбиелік мәні зор көрінісі ашып берді. Бұл қойылым жастарға әлеуметтік желі мен интернет кеңістігін пайдалану кезінде сақтық шараларын сақтау қажеттігін көркем түрде жеткізді.

Жиында алғашқы сөзді Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов алып, жастарды елдің болашағы һәм қоғамның тірегі деп атап өтті.

«Заңға бағыну – әр азаматтың міндеті. Әсіресе, жастардың саналы, жауапты, тәртіпті болуы – мемлекетіміздің тұрақтылығының кепілі. Сондықтан әрбір жас өз әрекетіне жауапкершілікпен қарап, теріс жолдан бойын аулақ ұстауы керек», – деді қала басшысы.

Келелі жиын барысында Кентау қаласының прокуроры Назарбай Ибраймолдаев жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттырудың маңыздылығына тоқталып, заң бұзушылықтың салдары мен жауапкершілігі туралы түсіндірме берді.

Ал қалалық полиция бөлімінің бастығы Еркеғали Мейірбеков қазіргі таңда қоғамда жиі кездесетін интернет алаяқтық, киберқылмыс және оның алдын алу жолдары жөнінде кеңінен баяндама жасады.

Сонымен қатар, жиын барысында жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа бару себептері мен оның зардаптары туралы бейнероликтер көрсетілді.

Мұнан өзге Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Құқық бұзу-тренд емес» атты тақырыпта де кездесу өтті. Шараға Кентау қаласының прокуратурасының аға прокуроры Бақберген Дүйсенбекұлы Абилкасимов, Аналар кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жанат Пазылбеқызы Таукеева, Кентау қалалық полиция бөлімінің ЖПҚ УПИ полиция майоры Жанболат Саруарұлы Ахметов және қаланың зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесудің модераторы ретінде Сұлтан Азат жүргізіп отырды.

Алғашқы сөзді Кентау қаласының прокуратурасының аға прокуроры Бақберген Дүйсенбекұлы жастарға құқық бұзушылықтың салдары мен заңды жауапкершілік туралы атап өтті. Өз кезегінде Аналар кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жанат Пазылбеқызы жастарды тәрбиелі, мәдениетті және заңды құрметтейтін тұлға болуға үндеді. Жанболат Саруарұлы өзінің сөз кезеңінде құқық бұзушылықтың түрлері мен оны болдырмау жолдары туралы кеңінен түсіндіріп, нақты мысалдар келтірді.

Сонымен қатар кездесуімізге жасырын кейіпкер келіп, өзінің басынан өткен оқиғалар жайлы айтып өтті, ол жастарды тәртіпті, мәдениетті және заңға бағынушы болуға шақырды. Кездесу соңында жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандар тарапынан жан-жақты жауап алды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You