Кентау қаласында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жалғасын тауып келеді

Кентау қаласындағы Шахтастрой көшесі мен Шахтастрой мүйісінде ұзындығы 2,35 шақырымды құрайтын орташа жөндеу жұмыстары басталды.

Қазіргі таңда жолдың негізі дайындалып, асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала әкімі Жандос Тасов құрылыс басына барып, жұмыс барысын бақылады. Жауаптыларға құрылыстың сапасын қадағалауды тапсырды.

Сонымен қатар, Шахтастрой көшесінде ұзындығы 0,67 шақырымды қамтитын тұрғындарға қолайлы аяқжол салу жұмыстары да қатар атқарылуда. Аталған нысан 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жүзеге асырылуда.

Бұдан бөлек Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Ащысай ауылының тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген мәселелердің бірі — сапалы ауыз сумен қамту болатын. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін беріп, ауыл тұрғындары жаңадан жүргізілген су құбыры арқылы таза ауыз суға қол жеткізді.

Сонымен қатар ауылда өрт сөндіру бекеті ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы мақсат — ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын күшейту.

Кентау қаласында және ауылдық елді мекендерде инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.

Жалпы, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қаланың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысуды үнемі назарда ұстайды. Атап айтқанда, қаланың орталық бөлігіндегі маңызды жобалардың бірі – Ынтымақ алаңындағы жол жөндеу жұмыстары назарға алынды. Аталған аумақта мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында жалпы ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу барысында заманауи талаптарға сәйкес сапалы құрылыс материалдары қолданылып, бүгінгі таңға асфальт төселуде. Сонымен қатар тұрғындардың көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасау мақсатында 40 автокөлікке арналған жаңа автотұрақтың құрылысы да қарастырылған.

Қала әкімі мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударып, белгіленген мерзімнің сақталуын тапсырды. Жоспар бойынша орташа жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың 20 қыркүйегіне дейін толық аяқталуы тиіс.

Жандос Тасов өз сөзінде бұл жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру екенін атап өтті. Сондай-ақ жауапты сала басшыларына және мердігер мекемеге құрылысты уақытылы, сапалы әрі тұрғындарға қолайсыздық тудырмай жүргізуді міндеттеді.

Мұнан өзге Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қаладағы жол құрылыс жұмыстарының барысын бақылап, бірқатар нысандарды аралады. Қазіргі таңда Яссауи көшесіндегі №81, 103 және Алтынсарин көшесіндегі №3, 5, 7, 9, 11 көпқабатты тұрғын үй аулаларында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін бұл аулаларда жалпы саны 7 автотұрақ орны жасақталды.

Бұдан бөлек, кіші Яссауи көшесінде ұзындығы 420 метрді құрайтын аяқжолға орташа жөндеу жұмыстары атқарылды.

Қорыта айтқанда, Кентау қаласы және оған қарасты ауылдарда жалпы 365 шақырымды құрайтын 416 көше бар. 2024 жылдың қорытындысына сәйкес қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 87,7%-ға жетті. 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткішті 90,0%-ға жеткізу жоспарланған.

2025 жылы 798 миллион теңгеге жалпы 17 нысанға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған, бүгінгі таңға 7 нысанның құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып пайдалануға берілді, 3 нысаның жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал, 7 нысан 2026 жылға өтпелі. Нақтырақ айтсақ,  «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы 8,8 шақырымды құрайтын 10 нысанға орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. 3,65 шақырымды құрайтын 5 нысан жұмыстары аяқталған. 5 нысан 2026 жылға өтпелі. Одан бөлек Кентау қаласындағы 8,6 шақырымды құрайтын 7 нысанның, 2 шақырымды құрайтын 2 нысанының құрылыс жұмыстары аяқталды. 4,3 шақырымды құрайтын 3 нысан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2 нысан 2026 жылға өтпелі.

Сонымен қатар, Д.Қонаев даңғылын (2350 метр) реконструкциялау жұмыстарын жүргізуге 200 миллион теңге бөлініп (жоба құны – 2,4 миллиард теңге), мердігер мекеме анықталды («СтройЖолСервис KZ» ЖШС). Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылы бастау жоспарланып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You