
Түркістан шаһарында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында облыстық «Білімді жастар – ел ертеңі» атты құқықтық тәрбиелік көшбасшылар форумы өтті. Достық үйінде өткен шараны облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды.
Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мен қоғамдық жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ көшбасшылық қабілеттерін дамыту мақсатында өткен шара барысында заң саласы мен тәртіп, азаматтық міндет пен мемлекет алдындағы жауапкершілік жөнінде маңызды бағыт-бағдар берілді. Форум аясында пленарлық сессия өтіп, еліміздің құқықтық жүйесі мен қоғамдық-саяси саласында еңбек етіп жүрген жетекші тұлғалар сөз сөйлеп, тәжірибелерімен бөлісті.
Пленарлық сессия барысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жастардың қоғамдағы рөлі, ел болашағына қосар үлесі мен мемлекеттік саясаттағы жаңа басымдықтар жөнінде ой қозғап, облыста жастардың құқықтық мәселелерін шешуде, оларды қолдауда бірқатар шаралар жүйелі түрде жүргізіліп отырғанын жеткізді. Ал Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев Экономикалық құқық бұзушылықтар мен қаржылық қауіпсіздік, жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайту және жастардың бұл бағыттағы жауапкершілігіне тоқталса, Түркістан облысы прокурорының орынбасары Ермұрат Шалатайұлы заңның үстемдігі мен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында тұшымды ақпарат берді. Сонымен қатар «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ президенті Есентүгел Елеукен жастарға мотивациялық ой айтып, шығармашылық пен көшбасшылық қабілетті дамыту жөнінде кеңестерімен бөлісті. Ол табысқа жетудің басты тетігі – өзіңе сену, үнемі іздену және қоғамға пайда әкелетін іспен айналысу екенін атап өтті.
Форум қатысушылары сұрақ-жауап алаңында спикерлермен ашық диалог жүргізіп, көкейдегі сауалдарына жауап алды. Шара соңында белсенді қатысқан жастарға арнайы сертификаттар табысталды.
Түркістанда белсенді жастар марапатталып, экологиялық акция ұйымдастырылды
Мұнан өзге Түркістан қаласында «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету бағытында облыстық «Білімді жастар – ел ертеңі» форумы аясында марапаттау шарасы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев арнайы қатысып, «Таза Қазақстан» бағдарламасына белсене үлес қосқаны үшін өңірдегі белсенді жастарды марапаттады.
– Тарихи шаһарда «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Білімді жастар – ел ертеңі» атты көшбасшылар форумы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға әрдайым зор сенім артып, жауапкершілік пен тәртіптің маңызын ерекше атап өтеді. Президентіміздің «Жастарымыз отаншыл, білімпаз әрі жанашыр болуы қажет» деген сөзі бар. Ал білімді жастарды қолдап, әділетті қоғам орнатуда «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызы зор. Сондықтан біз жастармен біргеміз әрі бастамаларын қолдаймыз. Қазіргі таңда Түркістан облысында жастар саясатын дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ел Президентінің бастамасымен іске асқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы – бір күндік акция емес, жастарды туған жерге деген сүйіспеншілікке, экологиялық мәдениетке баулитын маңызды жоба, – деген облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы «Таза Қазақстан» жобасына үлес қосқан азаматтарға шынайы алғысын білдірді.
Сонымен қатар Түркістан облысының «Jas Turkestan» еріктілер ассоциациясының төрағасы Нұрболат Жүрсін сөз сөйлеп, жастардың экологиялық бастамаларға қатысуының маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол еріктілер қозғалысының қоғам үшін маңызын көрсетіп, табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажеттігін жеткізді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы өңірдегі белсенді жастармен бірге күзгі көшет отырғызу рәсіміне қатысты. Іс-шараның мақсаты – аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту әрі жастарды табиғатты қорғау бастамаларын кеңінен тарту.
Айта кетсек, «Таза Қазақстан» бағдарламасына өңірдегі белсенді жастар белсене атсалысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлестерін қосып жүр. Олар сенбіліктерге қатысып, көшет отырғызып, түрлі экобастамаларды жүзеге асырып келеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
