
2025 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 51,7 миллиард теңге (республикалық бюджеттен – 10,4 миллиард теңге; облыстық бюджеттен – 28,6 миллиард теңге; «Ауыл – Ел бесігі» – 10,6 миллиард теңге, субвенция – 6,1 миллиард теңге) бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 288 нысан немесе 1245,1 шақырым жолдар мен көшелер қамтылды. Жыл қорытындысына сәйкес 201 нысан немесе 827,4 шақырым пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.
Облыстық маңызы бар жолдарға 20,1 миллиард теңге (республикалық бюджеттен — 9,3 миллиард теңге, облыстық бюджеттен – 10,8 миллиард теңге) бөлініп, 24 нысан немесе 219,3 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен (жыл қорытындысына сәйкес 17 нысан немесе 105,6 шақырым жол, 7 көпір, 1 жарықтандыру пайдалануға беріледі) қамтылды.
Аудандық маңызы бар жолдарға 3,6 миллиард теңге (облыстық бюджеттен — 3,6 миллиард теңге) бөлініп, 24 нысан немесе 130,7 шақырым жол құрылыс, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен (13 нысан немесе 53,7 шақырым жол пайдалануға беріледі) қамтылды.
Елді мекен көшелеріне, дәлірегі, 240 нысан немесе 885,6 шақырым көшелерді жөндеуге (республикалық бюджеттен – 1,1 миллиард теңге; облыстық бюджеттен – 10,2 миллиард теңге; «Ауыл – Ел бесігі» – 10,6 миллиард теңге; субвенция – 6,1 миллиард теңге) 28,0 миллиард теңгеге бөлінді. Оның ішінде облыстық бюджеттен және АЕБ есебінен 21,0 миллиард теңгеге 131 жоба немесе 561,8 шақырым жөндеу жұмыстарымен қамтылуда (жыл қорытындысына сәйкес 119 нысан немесе 509,0 шақырым пайдалануға беріледі). Субвенция есебінен 109 жоба немесе 323,8 шақырым көшелер қамтылды. Жыл қорытындысына сәйкес 83 нысан немесе 283,1 шақырым жол пайдалануға беріледі.
2025 жылы жалпы пайдаланымдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 93,7%-дан 95%-ға, ал, елді мекен көшелерін 74%-дан 78%-ға жеткізу жоспарланған.
Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырым құрайды. Республикалық маңызы бар жолдар – 678 шақырым (жақсы жағдайда 95%); облыстық маңызы бар жолдар – 3983 шақырым (жақсы жадайда 93,7%); аудандық маңызы бар жолдар – 1 726 шақырым (жақсы жағдада 93,7%); елді мекен көшелері – 11 305 шақырым (жақсы жағдайда 74%).
Биылғы 10 айдың қорытындысына сәйкес облыс аумағында 1032 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 1285 адам дене жарақатын алса, 243 адам қаза тапқан. Жол-көлік оқиғасы орын алуының негізгі себептері — көлік жүргізушілер жолда жүру мәдениетін (қозғалыс жылдамдығын асыру, қарама-қарсы бетке шығу, жол белгілеріне бағынбау және т.б.) сақтамау. Жол-көлік оқиғасының алдын алу мен жол қозғалысы ережелерін сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жол саласындағы құзырлы органдармен бірге жыл сайын екі рет күзгі және көктемгі кешенді тексеру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Жолдарды жөндеу және күтіп ұстау жұмыстары кезінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына қазіргі таңда 5200 шақырым жол таңбасы мен 17 450 дана жаяу жүргіншілер жолағын сызу, 3470 дана жаңа жол белгілері, 23 193 шаршы метр шұңқырларды жамау, 17,1 шақырым тегістеу жұмыстары атқарылып, 60 жерге жасанды жол кедергілері орнатылды. Жыл соңына дейін жұмыстар жалғасатын болады.
Сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 30 жерге үй жануарларының макеттері қойылды.
Түркістан облысы Полиция департаменті тарапынан жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын учаскелер тұрақты зерделеніп, нәтижесінде жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын 80 учаске анықталған. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар жолдарда – 17 учаске; облыстық маңызы бар жолдарда – 19 учаске; аудандық маңызы бар жолдар мен көшелерді – 44 учаске.
Облыс бойынша жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын учаскелер тұрақты зерделеніп, қажеттілікке байланысты және тұрғындар мен көлік жүргізушілердің сұраныстарын негізге ала отырып, тиісті орындарға биыл 100 жерге «Мерген» камераларын орнату жоспарланған болатын. Қазіргі таңда «Мерген» камералары толығымен орнатылып, ЕРАП жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар облыстағы жол-көлік оқиғаларының себептерін зерделеу және алдын алу бойынша ведомостаралық жұмысшы топ құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
«Бүгінгі таңда облыс аумағындағы республикалық маңызы бар тас жолдарда апаттың саны едәуір азайған. Себебі, республикалық маңызы бар жолдарда орнатылған ара қашықтықты есептейтін жылдамдық өлшегіш жүйесі іске қосылып өз нәтижесін беруде. Жол-көлік оқиғаларын алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар жалғасын табады», — дейді мамандар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
