
Отырар ауданында есірткі құралдарының таралуына тосқауыл қою бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Бұл туралы Отырар аудандық полиция бөлімі ЖПҚб-нің бастығы, полиция подполковнигі Жұмабек Тәліпұлы Төлеген брифинг барысында атап өтті.
Оның айтуынша, 2025 жылдың 3 наурызынан бастап ҚР Президенті қол қойған «Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңы» күшіне енген. Осы мақсатта Түркістан облысы Полиция департаментінің жедел-профилактикалық және арнайы іс-шаралар өткізу жөнінде 2025 жылдың 26 мамырдағы нұсқауына сәйкес, Отырар ауданы аумағында 2025 жылдың 1 маусымы мен 31 қазан күндері арарлығында «Қарасора-2025» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу жөнінде жоспар бекітілген-ді. Отырар аудандық полиция бөлімінің жеке құрамынан жұмыс топтары құрылып, осы қылмыс түрімен айналысатын тұлғалардың қылмыстық әрекеттерін әшкерелеу, анықтау мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралар кешені жүргізілген. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде 2025 жылдың 9 айында есірткі қылмыстарының 4 дерегі анықталып, күдіктілері құрықталып, ісі сотқа жолданған.
Сонымен қатар егу бойынша 6 дерек анықталып, 4 дерегі қысқартылды. Қалған 2 дерегі бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 300-бабының, 2-бөлігі және осы баптың 1-бөлігімен тергеу амалдары жүргізілген.
Сонымен қатар, Отырар аудандық прокуратурасы тарапынан нашақорлықты насихаттайтын жарнамаларды анықтау мен жою мақсатында аудан әкімдігі жанындағы коммуналдық мекеменің қызметкерлері мен полиция қызметкерлерінің қатысуында жиналыс өткізілген. Коммуналдық мекеме қызметкерлеріне аудан көлеміндегі тазалық жұмыстарынан бөлек, қоғамдық орындарда есірткіні жарнамалайтын жазбаларды полиция органдарына хабарлау арқылы жою тапсырылған.
Аталған мәселе бойынша Отырар ауданы әкімдігі, аудандық прокуратура, полиция бөлімі және аудандық ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірлесіп, есірткі сататын сайттарды жарнамалайтын граффитилерді жою және кәмелетке толмағандар арасында қылмыстардың алдын алу бойынша аудан аумағында 19 рет рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараға қатысқандар көшелерде, саябақтарда, ғимараттар мен құрылыстардың қабырғаларына есірткі сайттарын жарнамалайтын жазулар мен граффитилерді анықтап, жою жұмыстарын жүргізіпті.
«Нашақорлықтың алдын алу, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың есірткінің таралуына теріс көзқарасын қалыптастыру мақсатында және есірткі жарнамасының жолын кесу бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты «Отырар-2050» КММ-нің тазалық жұмысшылары, аула сыпырушылары арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді», — дейді полиция подполковнигі Жұмабек Тәліпұлы.
Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру бойынша аудандық бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдардың медиа-жоспарына сәйкес 2025 жылы 37 мақала жергілікті БАҚ-та жарияланып, Отырар ауданында 5500 үйдің аулалары тексеріліп, ақпараттық жадынамалар таратылған.
Сондай-ақ Отырар ауданында жол-көлік оқиғаларының алдын алу да – басты назарда. Отырар аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Берік Пернебайұлы Нышанбаев қазіргі таңда қоғамда өзекті мәселелердің бірі – жол-көлік оқиғаларының алдын алу екенін айтады. «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Заң мен тәртіп» қағидасы мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі екенін атап өткен болатын. Бүгінде елімізде ең өзекті мәселелердің бірі – жол-көлік оқиғалары. Осыған байланысты қыркүйек айының 15-і мен 30-ы аралығында Ішкі істер министрлігі тарапынан республикалық «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды, – дейді Отырар аудандық полиция бөлімінің бастығы Б. Нышанбаев өз сөзінде.
Осы ретте аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айта өтейік. Бөлім басшысының мәліметінше, 2025 жылдың сегіз айында Отырар ауданында 25 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 9 адам қаза тауып, 45 адам түрлі деңгейде жарақат алған.
«Бұл жерде ерекше айта кететін жайт – жазғы және күзгі маусымда малдардың жолға шығуы. Әсіресе, қараусыз қалған малдардың түн мезгілінде жарық шағылыстырғыш белгілерсіз жүруі жол апаттарының жиілеуіне себеп болуда. Мәселен, есеп бойынша биыл малдың қатысуымен бес жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 адам жарақат алды», – дейді Берік Пернебайұлы.
Сонымен қатар, ол әрбір тұрғынды өз малдарын қараусыз қалдырмай, жайылымға жібергенде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керектігін ескертті. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келе жатқанын жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
