
Олай деуімізге себептің бірі — Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен «Ұлы Дала философиясы және құқықтық мәдениет» халықаралық симпозиумы. ҚР Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараны Конституциялық Сот, Түркістан облысының әкімдігі және университет бірлесіп ұйымдастырды.
Расы керек, симпозиум ғылыми идеялармен алмасып, құқықтық мәдениетті талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Халықаралық симпозиумның басты мақсаты – түркі әлемінің көне құқықтық дәстүрлері мен билер институтының тәжірибесін, дала өркениетінің ар-ождан мен әділетке негізделген құқықтық мәдениеті және Ахмет Ясауи ілімінің қазіргі заң жүйесіне әсерін жан-жақты қарастыру. Басқосуға Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның белгілі ғалымдары мен құқық саласының мамандары, дәлірегі, заңгерлер, философтар, тарихшылар, практик-заңгерлер, педагогтер және азаматтық қоғам өкілдерін қоса алғанда 300-ден астам адам қатысты. Симпозиум жұмысына сондай-ақ Әзірбайжан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Рашид Рзаев, Қырғыз Республикасындағы Манас Ұлттық академиясының директоры Азиз Биймырзаулы, Өзбекстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының өкілі Уткир Очилов, Ұлттық заң академиясының президенті Бахытжан Қуандықов, Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Түркістан облысы бойынша ҰҚК департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев және Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Кабденов те қатысты.
Симпозиум қатысушыларына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңесінің төрағасы Мухиттин Шимшек, Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надирқұлова, Түркі мәдениеті және мұрасы халықаралық қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Түркі академиясының вице-президенті Байрам Булент, Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Түркі мемлекеттері кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова құттықтау сөздерін арнады.
Пленарлық сессияның модераторы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова болды.
Симпозиумның алғашқы күні секциялық отырыстар мазмұнды пікірлермен ерекшеленді. Халықаралық жиында түркі әлемінің көне құқықтық дәстүрлері, билер институтының тәжірибесі, дала өркениетінің ар-ождан мен әділетке негізделген құқықтық мәдениеті және Ахмет Ясауи ілімінің қазіргі заң жүйесіне әсері жан-жақты қарастырылды.
Ал симпозиумның пленарлық отырысында мемлекеттік органдардың жоғары өкілдері түркі өркениетіндегі адамгершілік, әділет және жауапкершілік ұстанымдарының бүгінгі мемлекеттік басқару мен құқықтық тәрбиеге әсері туралы ой бөлісті.
Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Азимова өз сөзінде құқықтық мәдениеттің рухани негізге сүйенгенде ғана қоғамның сенімін арттыратынын атап өтті.
– Неліктен біз «Ұлы Даланың философиясы мен құқықтық мәдениетіне» назар аударуды жөн санадық? Өйткені олар ар-намыс, әділдік, үйлесімділік, жауапкершілік және қоғамдастыққа құрмет ұғымдарын қамтиды. Бұл құндылықтар ұлттық бірегейлікті нығайтуға, жауапты азаматтарды тәрбиелеуге және әділ және заңды мемлекетке қарай қазіргі заманғы бағытқа сәйкес қоғамды дамытуға көмектеседі, – деді Эльвира Азимова.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің құттықтау хатын оқып берді.
«Сіздерді «Ұлы дала философиясы және құқықтық мәдениет» атты халықаралық симпозиумның ашылуымен шын жұректен құттықтаймын.
Бүгінгі жиын – ұлы даланың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымын, адам мен қоғам туралы терең пайымдарын және құқықтық мәдениеттің бастауларын жаңа қырынан зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды алаң деп білемін. Дала өркениетінің өзегінде адамгершілік, әділет, ынтымақ пен жауапкершілік секілді құндылықтар жатқаны баршаға мәлім. Осы құндылықтарды заманауи ғылыми айналымға енгізіп, құқықтық ойдың дамуына бағыттау – бүгінгі симпозиумның басты миссиясы», — деген министр өз хатында.
Ал Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өз құттықтауында: «Бұл симпозиум — тек ғылыми алаң ғана емес, мыңжылдық тарих пен бүгінгі күнді тоғыстыратын тағылымды басқосу. Біз философия, әділет және адамгершілік қағидаттарын заман талабына бейімдеп, болмысымызды сақтауға күш біріктіруіміз қажет. Бірлік пен парасат, заң мен тәртіп, руханият пен әділет – бүкіл әлемнің болашағын айқындайтын негізгі қағидаттар. Осы симпозиум жұмысының табысты өтуіне тілектестік білдіремін. Бүгінгі ғылыми пікірлер мен ұсыныстар облысымыз бен мемлекетіміздің рухани-құқықтық дамуына үлес қосады деп сенемін», — деген.
Келесі кезекте Әзірбайжан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Рашид Рзаев та құттықтау тілегін білдірді.
Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек: «Симпозиум жұмысына қатысушы Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан сынды ұлы түркі жерінен келген қонақтар, оқу ордамызға қош келдіңіздер!
Биыл университетіміздің құрылғанына 34 жыл болды. Осы уақыт аралығында 100 мыңға жуық түлекті ұясынан ұшырды. Түлектер қазіргі таңда әлемнің түрлі нүктесінде өз салалары бойынша еңбек етуде. Бүгін ортамызда отырған ҚР Конституциялық сотының төрағасы Эльмира ханым да 20 жыл бұрын сіздер сияқты студентіміз болды. Бүгінде мемлекеттік маңызы бар қызметті атқаруда. Ол – біздің мақтанышымыз!
Екі күннен бері оқу ордамызда ұлы дала философиясына, құқықтық тәлім-тәрбиеге қатысты жиын өтуде. Адамның құнын білсең, құқығын да білесің. Құқық адам үшін, әділет үшін керек. Сол себептен бүгінгі басқосуымыздың маңызы тереңде жатыр!», — деді.
Сондай-ақ ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Унзила Шапақ пен Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Игорь Рогов, Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті Ақтоты Раимқұлова, ҚР Сыртқы Істер министрлігінің ерекше тапсырма жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова және Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Түркі мемлекеттерінің кәсіпкер әйелдері кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова мен Түркі академиясының вице-президенті, профессор Бүлент Байрам, ҚР Конституциялық Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі, профессор Мүслим Хасенов, Ахмет Ясауи универсиеттінің Өкілетті кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек, Ахмет Ясауи университетінің ректоры Жанар Темірбекова, сөз сөйледі. Олар түркі өркениетіндегі адамгершілік, әділет және жауапкершілік ұстанымдарының қазіргі қоғам үшін маңызын жан-жақты талдады.
Симпозиум аясында Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы үшін жетекші ғалымдардың қонақ дәрістері ұйымдастырылды. Maqsut Narikbayev University қауымдастырылған профессоры, Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңес мүшесі және Гарвард университетінің шақырылған ғалымы Муслим Хасенов «Қазақстанның конституциялық эволюциясы: көшпелі басқарудан қазіргі реформаларға дейін» тақырыбында дәріс оқыды.
Сонымен қатар, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтану кафедрасының доценті, PhD докторы, Қазақстанның Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің Ұлттық альянсының атқарушы директоры Динара Есимова симпозиум қатысушыларына дәріс оқыды.
Симпозиумның соңғы күні қатысушылар ортақ ғылыми бастамаларды дамыту жөнінде ұсыныстар қабылдады. Атап айтқанда, ғылыми жинақ шығару, «Түркі дүниесінің құқықтық терминдер сөздігін» әзірлеу және түркі елдері университеттері арасындағы құқықтық зерттеулер желісін құру жоспарланды. Бұл бастамалар түркі халықтарының ортақ құқықтық мұрасын жүйелеп, оны қазіргі құқықтық білім мен ғылыми ортаға енгізуге жол ашпақ.
Екі күн бойы өткен бұл халықаралық жиын Ұлы Дала философиясының қазіргі заманғы құқықтық мәдениетке берер үлесі зор екенін айқын көрсетті. Симпозиум рухани дәстүр, этикалық қағидалар және құқықтық реформалар арасындағы байланыстарды тереңінен ашып, түркі өркениетінің құқықтық ойы бүгінгі қоғамда да өзектілігін жоғалтпағанын дәлелдегенін атап өту маңызды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
