Түркістан облысындағы «Қазығұрт» кеден бекеті қайта жаңғыртылып, іске қосылды

Кешегі аптаның жұмасында елімізде жаңғыртудан өткен екі автомобиль өткізу пункті ашылды. Нақтырақ айтқанда, Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Қазығұрт» және Түркіменстанмен шекарада орналасқан «Темір баба» заманауи технологиялық өткізу пункттері пайдалануға берілді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған тапсырмасын іске асыру жөніндегі жүйелі қадам. Аталған нысандардың ашылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан шекара маңындағы инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде өткенін айта кету керек.

Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы Дербісек ауылында орналасқан «Қазығұрт» өткізу бекетінің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері қатысты.

ҚР Қаржы министрі көпшілікті нысанның ашылуымен құттықтап, бұл бекеттің еліміз бен көршілес елдер арасындағы сауда-экономикалық байланысты арттыруда маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Шекаралық аймақта заманауи және тиімді инфрақұрылымды дамыту еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, сауда байланыстарын нығайту мен өңірде сенімді логистиканы қамтамасыз етудің маңызды шарты екенін айтты.

Сонымен қатар Қаржы министрі жаңғырту бағдарламасы Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен арадағы шекараларда орналасқан барлығы 9 өткізу пунктін қамтығанын атап өтті. «Қапланбек», «Атамекен», «Қалжат» және «Алакөл» сияқты бірқатар нысандағы жұмыстар аяқталған. Ал жыл соңына дейін «Тәжен», «Майқапшағай» және «Бақты» пункттерін жаңғыртудан өткізу көзделіп отыр.

Жөндеу жұмыстары көлік қозғалысы мен жүк өткізу процесіне кедергі келтірмей жүзеге асырылды. Осы мақсатта уақытша қозғалыс схемасы ұйымдастырылып, бұл кептелістің алдын алып, жүк және жолаушылар тасымалы үздіксіз жүргізілді.

Жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде пункттерде шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін азайып, өткізу қабілеті тәулігіне 1 000 көлікке дейін ұлғайтылды. Қазір жаңартылған өткізу пункттері арқылы көлік ағыны 2,5 есе артты. Мәселен, 2022 жылы шекараны 640 мың автомобиль кесіп өтсе, бүгінде бұл көрсеткіш 1,5 миллионға көбейді.

Ал Нұралхан Көшеров аталған нысанның маңыздылығына тоқталып, жұмысына сәттілік тіледі.

– Бұл нысан – мемлекетіміздің көлік-логистика саласын дамытуға бағытталған нақты қадамы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткен «Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі жетекші көлік хабына айналдыру» туралы стратегиялық міндеттердің жүзеге асуының көрінісі. Биыл республика көлемінде 8 кеден бекеті толық жаңғыртылып, іске қосылады. Осы бағытта облысымызда да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесі – бүгін қайта жасақталып, заманауи талаптарға сай жабдықталған «Қазығұрт» кеден бекетінің ашылуы. Бекет Еуропа мен Қытайды Орта Азия арқылы жалғайтын маңызды көлік дәлізінде орналасқан. Президентіміз атап өткендей, кеден саласын жаңарту – ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың, транзиттік әлеуетті күшейтудің өзекті бағыты. Жаңғыртылған «Қазығұрт» кеден бекеті өңір экономикасының дамуына, транзиттік әлеуеттің артуына және халықаралық сауда қатынастарының нығаюына жаңа серпін береді деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Іс-шара барысында шекара маңындағы инфрақұрылымды нығайту бағытындағы жұмыстар, техникалық жарақтандыру, сондай-ақ жүргізілген кешенді өзгерістер таныстырылды.

Нысанды реконструкциялау жұмысы 2023 жылы басталған. Мұнда көлікті тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, озық сканерлеу жабдықтары, салмақ габаритті жүйелер, сондай-ақ рентген-телевизиялық қондырғылар, «тепловизорлар» және радиациялық бақылау құралдары енгізілді. Қауіпсіздік пен жайлы қозғалысты арттыру мақсатында қозғалыс ағындары жаяу жүргіншілерге, жеңіл және жүк көліктері үшін бөлінген. Жүк көліктері үшін техникалық бақылаудан тоқтаусыз өтуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған дәліздер қарастырылған. Кеден бекеті қазіргі заманға сай техникалық құралдармен және цифрлық сервистермен жабдықталып, өткізу қабілеті айтарлықтай артты. Бұған дейін кеден бекеті тәулігіне екі бағытта 250 жүк көлігін өткізуге мүмкіндігі болса, бүгінде тәулігіне 1 000 жүк көлігін өткізе алады. Ал бекет аумағы 2,5 гектардан 4,8 гектарға дейін кеңейтіліп, өткізу пунктіндегі жүк көліктеріне арналған көлік жолақтары екі жолақтан алты жолаққа дейін артты.

Жалпы, «Қазығұрт» өткізу пунктінде 2025 жылдың алғашқы 11 айының нәтижесі бойынша, кеден бекеті арқылы өткен тауар айналымы мен көлік қозғалысы айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, импорт көлемі 155,4 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5%-дан астам өсім көрсеткен. Ал экспорт 252,4 миллион АҚШ долларына жетіп, 57%-ға артқан. Кеден бекеті арқылы өткен жүк көліктерінің саны былтырға қарағанда 4,6 мың бірлікке ұлғайып, жаңғырту нәтижесінде жүк қозғалысы жылдамдап, бақылау сапасы күшейді.

Сонымен қатар «Шымкент – Өзбекстан Респпубликасының шекарасы. Жібек жолы өткізу пункті» автомобиль жолының «Қазығұрт» кеден бекетіне кіреберіс 230 метр жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоба бойынша қолданыстағы жабынды бұзылып, 2 жолақты қозғалыс бөлігі 4 жолаққа дейін ұлғайтылды. Жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарықтандыру, қоқыс жәшіктері, суағар жүйелері орнатылды.

Іс-сапар соңында министр Қазақстан – Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» өткізу пунктіне барып, реконструкция жұмыстарының барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын сапалы атқарып, нысанды мерзімінде тапсыру қажет екенін атап өтті.

Жалпы, облыстағы «Атамекен», «Б.Қонысбаев» және «Қапланбек» кеден бекеттері де толық жаңартылып, халықаралық көлік дәліздеріндегі үздіксіз және кедергісіз қозғалысты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда. Сондай-ақ «Жібек жолы» өткізу пунктін толық қайта жаңғырту жұмыстары басталып, құрылысты келесі жылдың шілде айында аяқтау көзделген.

Айта кетейік, Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы шекарасының жалпы ұзындығы 965 шақырымды құрайды. Қазақстан – Өзбекстан шекарасында 6 кеден бекеті мен 2 бақылау-өткізу пункті орналасқан.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында республика көлемінде жаңғырту жұмыстарымен 9 автомобиль өткізу пункті қамтылды. Барлық өткізу пунктерін жаңғырту жұмыстары олардың фактілік жабылуынсыз жүргізіліп, жүк көліктерінің өтуі мемлекеттік бақылау жүзеге асырылатын уақытша схема бойынша қамтамасыз етілді. Нысанды жобалау кезінде заманауи технологиялық шешімдер және өткізу пунктерін жабдықтаудың үздік халықаралық тәжірибесі қолданылды. Жоба «жылдамдық, тиімді бақылау, қауіпсіздік, жайлылық» қағидаттарына негізделген.

Нәтижесінде, Қазақстан – Өзбекстан шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмысында өткізу қабілетін арттыруға және кедендік операцияларды жеделдетуге бағытталған елеулі өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, екі ел арасындағы тауар айналымының едәуір өсіп, өсім 510,4 миллион АҚШ долларын немесе 54%-ды құрады. Шекара арқылы орын ауыстыру көрсеткіштері артып, жүктерді өткізу уақыты 3 сағат 30 минуттан 45 минутқа дейін қысқарды. Сонымен қатар транзиттік әлеуеті артты. 132 267 транзиттік декларация ресімделіп, өсім 2 352 декларация немесе 2%-ды құрады. Кеден бекеттерінің қызметкерлері тәулік бойы 3 ауысыммен бақылау жүргізеді. Әр ауысымға шамамен 20–25 қызметкер жұмылдырылады.

«Қазығұрт» өткізу пункті – халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи технологиялық кешен. Мұнда көлікті тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, озық сканерлеу жабдықтары, салмақ-габарит өлшеу жүйелері, сондай-ақ рентген-телевизиялық қондырғылар, «тепловизорлар» және радиациялық бақылау құралдары іске қосылған. Қозғалыс ағыны жаяу жүргіншілер, жеңіл және жүк көліктері деп арнайы бөлінген. Бұл қауіпсіздікті арттырып, қозғалысқа жайлы жағдай жасайды. Жүк көліктері үшін техникалық бақылаудан тоқтаусыз өтуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған дәліздер қарастырылған.

Инфрақұрылымды жаңартумен қатар министрлік кеден рәсімдерін цифрландыру бойынша да қарқынды жұмыстар жүргізіп келеді. Айталық, «Keden» ақпарат жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр, онда толық интеграцияланған цифрлы кеден жүйесіне көшу қарастырылған. Жүйе экспресс-жүктермен жұмысты, тауарларды есепке алуды және виртуалды қоймаларды автоматтандырды. Қазір жасанды интеллект негізінде тауарлар мен қызметтерді декларациялау модулін іске қосу қолға алынған. Мақсат – электронды декларацияның толық циклін аяқтап, 2026 жылдан бастап тиімділікті бақылау, сараптау және бағалау үшін жаңа модульдерді енгізу. Бұл бизнес үшін жұмысты айтарлықтай жеңілдетіп, қызмет көрсетуде жеделдете түседі.

Бұдан бөлек сәуірде Өзбекстанмен шекарадағы «Жібек Жолы» өткізу пунктін ауқымды жаңғырту басталған болатын. Жаңа кешен жалпы ауданы 10 мың шаршы метрді алып жатқан екі заманауи жолаушылар терминалын және автокөлікке арналған бірыңғай шатырды қамтиды. Тиісті жұмыстар аяқталғаннан кейін 2026 жылы шілдеде өткізу пунктінің қабілеті тәулігіне 70 мың адамға дейін және 2 мың жеңіл автомобильге дейін өседі деп көзделген.

Тағы бір инновациялық бағыттардың бірі – Қытаймен бірлесіп қолға алынған «Бақты-Покиту» жобасы. Қытай тарапы екі аумақта да толық автоматтандырылған логистикалық орталықтар құруға шамамен 50 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция жұмсамақ. Жоба аясында жүктерді тасымалдауға ұшқышсыз басқарылатын электр шаттлдарын пайдалану, «ақылды» логистиканы, AGV-терминалдарды, зарядтау стансаларын енгізу және бүкіл өңірдегі ең технологиялық көлік дәліздерінің бірін құрып, екі мемлекеттік цифрлық жүйенің толық интеграциясын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

«Жаңа өткізу пункттерін іске қосу – мемлекеттік органдардың, мамандардың, инженерлердің, құрылысшылардың және шекара қызметінің бірлескен жұмысының жемісі. Біз экономиканы дамытуға әсер етіп, Қазақстанды ашық, сенімді және бәсекеге қабілетті транзитті хаб ретінде айқындайтын заманауи, технологиялық және жайлы инфрақұрылымды құруға мән беріп келеміз. Бұдан басқа өткізу пункттерін жаңғырту – Мемлекет басшысының Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған тапсырмасын іске асыру бағытындағы жүйелі қадам. Біз сауданы арттырып, бизнестің жұмысын жеңілдететін және Қазақстанды аймақтың негізгі логистикалық торабына айналдыратын заманауи инфрақұрылым құрып жатырмыз», — деді Мәди Такиев.

Министр кедендік түсімдер бойынша арнайы тоқталды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар тікелей фискалдық әсерді қамтамасыз ететінін айты. Осы жылдың 11 айында кедендік төлемдер түсімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16% өсіп, 566 миллиард теңгені құраған. Логистикалық операцияларды көлік-логистикалық орталықтарға және уақытша сақтау қоймаларына көшіру нәтижесінде, көліктің өту уақыты 9 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартылған.

Айтпақшы, Қаржы министрі 2025 жылғы 3 желтоқсандағы бұйрығымен арнайы кедендік статистиканы жүргізу қағидаларын бекітті. Арнайы кедендік статистика – мемлекеттік кірістер органдарының жұмысын оңтайландыруға арналған жүйелендірілген мәліметтердің жиынтығы.

Арнайы кедендік статистиканың негізгі міндеттері:

  • деректерді жинау және арнайы кедендік статистиканы жүргізу;
  • аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының нақты бағыттар бойынша қызметін барынша объективті бағалау үшін көрсеткіштер мен олардың жүйесін әзірлеу.

Арнайы кедендік статистиканың есеп объектісі – кедендік реттеу саласындағы мемлекеттік кірістер органдарының қызметіне қатысты мәліметтер.

Есеп объектілеріне мына деректер енгізілген:

  • мемлекеттік кірістер органдары жүйесінің ұйымдық құрылымы және кадрлық құрам көрсеткіштері;
  • декларациялау көлемі;
  • кедендік реттеу саласында қызмет атқаратын тұлғалар туралы мәліметтер;
  • бюджетке түскен кедендік төлемдер мен салықтар;
  • жүргізілген кедендік тексерулер және құжаттарға қатысты тексерістер.

Арнайы кедендік статистикаға арналған деректер мемлекеттік кірістер органдарына жүктелген міндеттерді орындау үшін қалыптастырылады және пайдаланылады.

Деректердің негізгі көздері – Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтер, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ пен Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес тұлғалар ұсынатын құжаттар негізінде аумақтық кірістер органдары жолдайтын есептілік.

Жиынтық ай сайынғы (жинақталған түрде) және жылдық ақпаратты қалыптастыру үшін Комитеттің құрылымдық бөлімшелері есепті кезеңнен кейінгі 10 жұмыс күні ішінде арнайы кедендік статистиканың деректерін жинақтауға жауапты құрылымға қажетті барлық мәліметтерді береді.

Ай сайынғы жиынтық ақпарат есепті кезеңнен кейінгі айдың 15-іне дейін, ал жылдық жиынтық ақпарат есепті жылдан кейінгі алғашқы айдың 20-сына дейін қалыптастырылады.

Деректер жинақталғаннан кейін олар Мемлекеттік кірістер комитетінің ftp-ресурсында мемлекеттік кірістер органдарының арнайы кедендік статистика бойынша негізгі көрсеткіштері ретінде орналастырылады. Бұйрық 2025 жылғы 20 желтоқсанда күшіне енеді.

Шекаралық аймақтардың өзекті мәселелері талқыланды

Осы тұрғыда атап өтер тағы бір мәселе, желтоқсанның 12-сінде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен Шекара мәселелері жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің комиссия отырысы өтті. Кеңеске ҰҚК Шекара қызметі департаментінің басшысы, Төтенше жағдайлар департаменті, Полиция департаменті, «Қазсушар» РМК Түркістан облысы филиалының өкілдері қатысты. Сондай-ақ аудан, қала әкімдіктері селекторлық режимде қосылды.

Жиында мемлекеттік шекаралық аймақтардың өзекті мәселелері, соның ішінде трансшекаралық өзендер мен су жағалауларының қазіргі жағдайы талқыланды.

Мәжіліс барысында трансшекаралық өзен, су жағалауларының жағдайы туралы ҰҚК Шекара қызметі департаментінің бастығы, ұлттық қауіпсіздік полковнигі Мұхтар Дәулетов баяндама жасады. Сонымен қатар Мақтаарал мен Жетісай аудандарының әкімдері осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.

Жиын қорытындысында облыс әкімінің бірінші орынбасары мемлекеттік шекара маңындағы су жағалауларын тазалау бойынша аудан әкімдіктері мен «Қазсушар» РМК мекемесіне бірлесіп жұмыстар атқаруды тапсырды. Сонымен қатар шекара аумағында мал ұрлығын болдырмау мақсатында алдын алу шараларын күшейту қажеттігін ескертті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You