
Ордабасы ауданында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді
Түркістан облысында медицина саласын дамыту, ғылым мен технологияның заманауи жетістіктерін қолдана отырып, халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның аясында бүгін Ордабасы ауданының Қараспан ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне пайдалануға берілді.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Елімізде әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтіп, жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
– Алдымен баршаңызды кеше өткен Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бірінші кезекте билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек» деп, нақты тапсырма жүктеген болатын. Біздің ең басты мақсатымыз – облыстағы әрбір тұрғынның бақытты өмір сүріп, сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізуіне мүмкіндік жасау. Сондықтан тұрғындардың денсаулығын қорғау – өңір дамуының стратегиялық бағыты. Түркістан облысы еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналуда. Облыста 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен 34 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді. Бүгін солардың бірі – Қараспан дәрігерлік амбулаториясының ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне қызмет етіп, ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетеді. Дәрігерлеріміз өз істеріне адал болып, еліміздің бұдан әрі дамуына өз үлестерін қоса береді деп сенемін, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Нысанның құрылысы 2024 жылдың қараша айында басталған. Құрылыс жұмыстарын «Лидер Строй» ЖШС атқарды. Жаңа медициналық нысан Түркістан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Ордабасы орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК теңгеріміне берілді. Жобаның құны – 201 миллион теңге. 0,25 гектар аумақта орналасқан ғимараттың жалпы алаңы – 376,9 шаршы метр. Мұнда 52 медицина қызметкері еңбек етеді. Нысан заманауи талаптарға сай салынып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Дәрігерлік амбулатория тіс дәрігері, физиотерапия, акушер-гинекология, кеңейтілген мейіргер бөлмесі, тегін дәрі-дәрмек босату орны, дені сау бала бөлмесі, күндізгі ем алу бөлмесі, сүзгі бөлмесі, ине және екпе егу бөлмесі, дезинфекциялық ерітінді дайындау бөлмесі, дәрі-дәрмек қоймасы, педиатр, психолог және әлеуметтік қызметкерлерге арналған арнайы кабинеттермен қамтылған. Дәрігерлік амбулатория бір мезетте 100 адамды қабылдай алады. Қараспан ауылдық округіндегі ауылдар мен елді мекендерде тұратын 14 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсететін болады. Алдағы уақытта да облыста денсаулық сақтау саласын жақсарту бағытында жаңа жобалар жүзеге асырылады.
Келес ауданында үш медициналық нысан ел игілігіне берілді
Бүгін Түркістан облысы Келес ауданында үш бірдей жаңа медициналық нысан ашылды. Нақтырақ айтқанда, Қошқарата ауыл округіне қарасты Бесқұбыр ауылында дәрігерлік амбулатория, Бірінші Мамыр елді мекенінде «Шынар» фельдшерлік-акушерлік пункті және Біртілек ауыл округіндегі Игілік ауылында медициналық пункт ел игілігіне пайдалануға берілді.
Жаңа медициналық нысандардың ашылу салтанатына Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, тұрғындарды маңызды әлеуметтік нысандардың іске қосылуымен құттықтады. Ауылдық елді мекендерде медициналық инфрақұрылымды дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Жаңа медициналық нысандар заманауи талаптарға сай салынып, ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету үшін барлық жағдай қарастырылған.
Айта кетейік, Келес ауданында денсаулық сақтау саласын дамыту, ауылдық жерлерде медициналық қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Жетісай ауданында құрылысы жүргізілген 3 медициналық көмек беру нысаны ел игілігіне тапсырылды
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Түркістан облысы Жетісай ауданында құрылысы жүргізілген 3 медициналық көмек беру нысаны ел игілігіне тапсырылды.
Мақталы ауылдық округінің Алмалы және Алтынсарин елді мекендерінде бой көтерген фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы биыл мамыр айында басталып, қыркүйекте аяқталған. Қос нысанда 10 дәрігер 2114 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді.
1960-1961 жылдары салынған ғимараттар апатты жағдайға жеткендіктен қолданыстан шығарылған.
Ал Ж.Ералиев ауылдық округінің Бәйтерек елді мекенінде ашылған «Бәйтерек» дәрігерлік амбудаториясында 10 қызметкер жұмыс істейді. 2150 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. 1963 жылы салынған ескі ғимараттың тозығы жетуіне байланысты жаңа нысанның құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған.
Денсаулық сақтау нысандарының салтанатты ашылуына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен өзге де азаматтар қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы қуаныштарымен құттықтады. Нысандардың ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Аса қажетті білікті кадрлармен және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін, медициналық нысанның елге көмек көрсетуге толық дайын екенін айтты.
Қонақтар медицина мекемелерін аралап көріп, жұмысымен танысты.
Айта кетейік, Жетісай ауданындағы 70 денсаулық сақтау нысанында 486 төсек-орын қарастырылған, 381 ақ желеңді қызмет етеді. Биылғы 8 айда 2242 бала туылып, табиғи өсім 9,6-ны құраған.
Тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында биыл 1 аурухана күрделі жөндеуден өтуде. Одан бөлек, 2 дәрігерлік амбулатория мен 6 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сайрам ауданында жаңа медициналық орталық ашылып, жедел жәрдем бекеті жаңартылды
Ал Сайрам ауданына қарасты ауылдық аймақ тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімді әрі жедел көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында тағы бір маңызды жоба жүзеге асырылды. Тәуелсіздік күніне орай Қарамұрт елді мекенінде «Азия Фаворит» медициналық орталығы пайдалануға берілді. МӘМС жүйесі арқылы тұрғындар тегін медициналық қызмет алады.
Орталықтың ашылу салтанатына Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев қатысып, ауыл тұрғындары үшін жасалып жатқан әлеуметтік маңызы бар жобалардың маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауларында халық денсаулығын сақтау, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Осы бағытта ауылдық елді мекендерде заманауи медициналық нысандардың ашылуы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам, – деген аудан басшысы.
Медициналық орталықтың құрылысы осы жылдың маусым айында басталып, қараша айында толық аяқталған. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 480 шаршы метрді құрайды. Бүгінгі таңда орталықта 17 маман қызмет атқарады. Оның ішінде 5 дәрігер мен 12 медбике бар. Медициналық мекемеде балалар дәрігері, жалпы тәжірибелі дәрігер, акушер-гинеколог және ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) дәрігері қабылдау жүргізеді.
Аталған жобаның іске асырылуы ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, сапалы әрі уақытылы көмек алуға мүмкіндік береді. Енді тұрғындар аудан орталығына барып, уақыт өткізбей, қажетті медициналық тексерулер мен кеңестерді өз ауылында ала алады. Бұл халық денсаулығын нығайтуға және ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға оң ықпал етеді.
Бұдан бөлек Сайрам ауданы бойынша жедел медициналық жәрдем қызметінің №22 Ақсукент бас бекетінде реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп, бүгін салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.
Ашылу салтанатына Сайрам ауданының әкімі арнайы қатысып, медицина қызметкерлерін құттықтады. Сонымен қатар осы салада аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар мамандар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Жедел жәрдем бекеті үнемделген бюджет қаражаты есебінен және демеушілердің қолдауымен жаңғыртылды. Нәтижесінде аудан аумағындағы барлық бекеттердің бақылау және үйлестіру жұмыстары күшейтілді.
Айта кетейік, Сайрам ауданында жедел медициналық жәрдем қызмет көрсету радиусы 100 шақырымды құрайды. Ауданда 3 кіші бекет, 6 дислокациялық пост және 21 жедел жәрдем бригадасы қызмет атқарады. Соның ішінде, Ақсукент бекетінде 13 бригада, жалпы саны 180 қызметкер жұмыс істейді. 20 дәрігер, 101 фельдшер және 59 жүргізуші бар. Қазіргі таңда бас бекет заман талабына сай жабдықталып, барлық қажетті заманауи құралдармен толық қамтамасыз етілген.
Медицинаға қатысты ақпараттарды түйіндей айтсақ, денсаулық сақтау саласында облыс бойынша 219 мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдық жердегі нысандарды жаңғыртуға ерекше назар аударылуда. Бүгінгі таңда 73 нысанға қажеттілік бар. Нақты жоспар түзіп, 3 жылда кезең-кезеңімен шешу жоспарланған. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа ғимараттың мәселесі шешіледі. 3 аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жетті.
Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2025 жылдың 10 айында Түркістан облысында негізгі медико-демографиялық көрсеткіштер тұрақты сақталып отыр. Ең маңыздысы – ана өлімінің 63,3%-ға төмендеуі. Бұл көрсеткіш өңірдегі перинаталдық қызметтің едәуір жақсарғанын көрсетеді. Нәресте өлімі 21,6%-ға, ал бала өлімі 14,1%-ға азайған. Мұндай нәтижелер алғашқы медициналық көмектің күшеюі, перинаталдық орталықтардың материалдық-техникалық базасының жаңаруы, тәуекел топтарына бақылаудың күшеюі және ерте анықтау шараларының тиімді жүргізілуімен байланысты. Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында өңірде «Даму және ерте араласу» орталықтары жұмыс бастап, Облыстық балалар ауруханасында офтальмологиялық орталық ашылды. Өңірде жоғары технологиялық медициналық көмек көлемі артты.
Ауылдық жерлердегі жүкті әйелдердің қолжетімді медициналық қызмет алуы үшін перинаталдық орталықтарда ашылған «Салауатты ана» пансионаттары 100-ден астам әйелге қолдау көрсетті. Сонымен қатар облыс деңгейінде жетекшілік ететін аудандарға виртуалды қарап шығу жүйесі енгізіліп, күрделі жағдайларды дер кезінде анықтау күшейтілді. Генетикалық зерттеулерді жетілдіру үшін бес бірлік эксперттік УДЗ аппараты сатып алынды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша бөлінген ЭКО квотасымен 207 бала дүниеге келген, олардың 18-і – егіздер.
2025 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 14,8 миллиард теңге бөлініп, 300 мыңдай науқас дәрілік заттармен қамтылды. Жергілікті бюджеттен орфан ауруларына шалдыққан 264 науқасты қамтамасыз етуге 4,6 миллиард теңге қаралды.
2025 жылы дайын ғимараттарды сатып алу механизмі арқылы 34 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін тапсырылады. 6 нысанда күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Кентау қалалық ауруханасының жөндеу жұмыстары желтоқсанда аяқталады. Қазығұрт және Шардарадағы ауылдық ауруханаларда жөндеу толығымен біткен. Түркістанда салынған көпбейінді аурухана құрылысы ерекше назарда.
Ауылды жерлердегі ауруханаларға заманауи техникалар сатып алынды. Сонымен қатар онкологиялық қызметті жақсарту үшін 11 түрлі диагностикалық жабдық жеткізілді. «PACS» жүйесін енгізу арқылы радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жобасы іске асуда. Бұл жасанды интеллект арқылы рак ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Түркістан қалалық емханасында енгізілген «дауыстық робот» дәрігер қабылдауына шақыруды автоматтандырып, 74 мыңнан астам азаматқа хабарласты. Оның 36 мыңнан астамы тексеруден өтуге келісім берген.
2025 жылы облыстың денсаулық сақтау саласына 40,3 миллиард теңге қарастырылды.
2025 жылдың 10 ай қорытындысына сәйкес, медико-демографиялық көсеткіштер қазіргі жағдайда тұрақты. Жоспарға сәйкес, орындалып келе жатыр.
— Жалпы өлім-жітім деңгейі – бір деңгейде сақталды.
— Ана өлімі 63,3%-ға төмендеп, көрсеткіш 5,3 құрады.
— Нәресте өлімі 21,6%-ға, бала өлімі 14,1%-ға төмендеді.
Бұл алғашқы медициналық көмекті күшейту, перинаталдық қызметті, материалдық техникалық базаны жетілдіру және тәуекел топтарына бақылауды күшейту жұмыстарының нәтижесі.
Денсаулық сақтау жүйесін дамыту мақсатында 2025 жылы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту негізінде сәулелік диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етілуде, олар:
— Магнитті-резонанстық томограф
— Жасанды қан айналым аппараты
— Компьютерлік томограф
— Экспертті санаттағы УДЗ (УЗИ)
— Бейнеэндоскопиялық жиынтық
— Маммографиялық жүйе
Сонымен қатар онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды орындау мақсатында, 11 дана диагностикалық құрал – жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Түркістан облысына қарасты медициналық ұйымдарда 2025 жылы Республикалық бюджет қаражаты есебінен науқастарды амбулаториялық дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін Бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» ЖШС-не алдын ала өтінімге 18,7 миллиард теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуға өтінім беріліп, бүгінгі күнге дейін 13,9 миллиард теңгеге игерілді. Стационарлық деңгейде тұмауға қарсы вирустың алдын алу үшін және дәрілік заттар тапшылығын жою мақсатында олардың төмендемейтін қоры қалыптастырылып, екі айлық резервтік қоры жасақталған.
Бүгінгі күнге медициналық ұйымдарда жеке қорғаныш құралдарының қоры жасақталып, (СИЗ) жеке қорғаныс құралдарының қоры жасақталып, бір реттік қолданылатын қорғаныш киімі – 55 078 дана, бір реттік қолданылатын бетперделер – 2 686 142 дана, төрт қабатты хирургиялық бетперделер мен респираторлар – 62 292 дана, бір реттік қолданылатын медициналық қолғаптар – 1 252 862 дана және антисептикалық ерітінділер – 57 627 литр көлемінде қоры бар.
Арыстық жастар асар дәстүрімен мұқтаж отбасыға баспана сыйлады
Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылында Тәуелсіздік күні қарсаңында игі іс жүзеге асты. Ауыл жастарының бірлескен еңбегінің нәтижесінде асарлату дәстүрімен салынған жаңа баспана Досыбаевтар әулетіне табысталды.
Баспана табыстау рәсіміне ауыл тұрғындары қатысып, жаңа қоныс иелеріне ақ тілектерін арнады. Ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері жастардың басын қосып, қайырымды іске бастамашы болып жүрген белсенді азаматтарға ризашылықтарын білдірді. Еңбегі еленген азаматтарға құрмет көрсетіліп, иықтарына шапан жабылды.
Барлық тұрмыстық жағдайы жасалған баспана 1981-2002 жылдары туған Ақдала ауылы жастарының ортақ күшімен бой көтерді. Құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңге бөлініп, әрбірі өз міндетін жауапкершілікпен атқарды. Ал жер телімін ауыл азаматы өзіне тиесілі телімді қайырымдылық мақсатта тегін сыйға берген.
Айта кетейік, Ақдала жастары бұған дейін де дәл осындай асар дәстүрімен бір мұқтаж отбасын баспанамен қамтамасыз еткен болатын. Алдағы уақытта Ақдала ауылының жастары қайырымдылық пен өзара қолдауға негізделген бұл игі бастаманы жалғастырып, мұқтаж отбасылар үшін тағы бір жаңа баспана салуды жоспарлап отыр.
Шардара ауданында үшемдерді дүниеге әкелген екі отбасына жаңа үй кілттері табысталды
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Түркістан облысы Шардара ауданында ел мерейін асырған тағылымды іс-шара өтті. Биыл үшемдерді дүниеге әкелген Ешмуратовтар және Оңайовтар отбасыларына жаңа пәтер кілті тапсырылды.
Бұған дейін аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың қолдауымен демеушілер есебінен әр отбасына 3 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетілген болатын. Ал мереке қарсаңында аудан әкімінің бастамасымен Шардара қаласындағы
Ж.Қолдасов көшесінде орналасқан, заман талабына сай салынған жаңа пәтерлердің кілттері салтанатты түрде табысталды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Арман Қарсыбаев сөз сөйлеп, көпбалалы отбасыларды қолдау – тәуелсіз мемлекет саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті.
Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев құттықтау лебізін білдіріп, үшемдердің аман-есен өсіп, ел игілігі жолында қызмет ететін азамат болып қалыптасуына тілектестігін жеткізді.
Қуанышы қойнына сыймаған қос шаңырақ иелері аудан басшылығына және демеушілерге шынайы алғыстарын білдірді. Айта кетейік, жаңа баспаналар демеушілер қаражаты есебінен салынған.
Тәуелсіз елдің әрбір сәбиі – жарқын болашақтың кепілі!
Шардара ауданында тұрғындарға сапалы қызмет етуге бағытталған әкімшілік ғимараты ашылды
Орайы келгенде айта өтейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту, ауыл әкімдіктерінің жұмысын жүйелеу жөнінде тапсырмалар берген болатын. Түркістан облысында осы бағытта жұмыстар жалғасып жатыр.
Түркістан облысының Шардара ауданындағы Ұзын-Ата ауылдық округінде жаңа әкімшілік ғимараттың ашылу салтанаты өтті. Нысан Н. Сапаров көшесі, №20 мекенжайында орналасқан.
Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Қарсыбаев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады. Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, ел игілігіне пайдаланылатын нысанның жұмысына сәттілік тіледі.
Шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан, ауданға еңбегі сіңген ардагерлер «Шардара ауданына 60 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Әкімшілік ғимарат 2 қабатты, жалпы ауданы 232 шаршы метрді құрайды. Ғимаратта 7 бөлме бар, 18 қызметкерге арналған. Құрылыс жергілікті бюджет есебінен жүргізілді.
Айта кетейік, нысанның құрылысы 2022 жылы басталып, қаржыландыру мәселелеріне байланысты 2025 жылға өтпелі болған. Бүгінде ғимарат толық пайдалануға беріліп, ауыл халқы үшін қызмет көрсететін болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
