
Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика байқалады
Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде 2025 жылдың 11 айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы және бюджеттің игерілуі мәселелері талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров экономикалық көрсеткіштер мен индикаторларды сапалы орындау – басты міндет екенін жеткізді.
– Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында статистика департаментіне тиісті ақпараттардың толық енгізілуін қамтамасыз етсін. 2025 жылға бекітілген индикаторлардың толық орындауды тапсырамын. Жыл қорытындысымен бекітілген индикаторларға қол жеткізбеген аудан әкімдерінің, және салалық басқарма басшыларының тәртіптік жауапкершілі тікелей қаралатынын ескертемін. Бағытымыз белгілі, ол – өндіріс орындарын ашу, ішкі кірісті ұлғайту, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, биылғы қаңтар-қараша айларының қорытындысына сәйкес, облыста әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,4%-ды құрап, өңір республика бойынша 3 орынды иеленді. Өнеркәсіп өнім көлемі 1,4 триллион теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға артқан.
Мәжілісте облыс бюджетінің игерілуі барысы да сараланды. Бұл туралы Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гульфари Әжіметова баяндады.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 7 мыңнан аса тазалық іс-шарасы өтті
Атап өтер тағы бір мәселе. Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуы — тұрақты бақылауда. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде айтылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов осы бағыттағы жұмыстарды баяндады.
Биыл Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 7263 тазалық іс-шарасын өткізу жоспары бекітіліп, толық орындалды. Жыл басынан бері іс-шаралар мен сенбіліктерге 1 миллионнан астам тұрғын қатысып, 6998 арнайы техника жұмылдырылып, көшелерде һәм қоғамдық орындарда, аулалар мен саябақтарда тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1 миллионнан астам көшет отырғызылып, 16 624 тонна қоқыс шығарылды.
Сондай-ақ насихаттау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бүгінгі таңға бұқаралық ақпарат құралдарында 609 арнайы бейнеролик, телеарналарда — 175, пабликтерде 13 379 ақпарат жарияланып, 101 дана билбордтар орнатылды. Бүгінгі күнге дейін «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 3 456 өтініш түсіп, барлық өтініштер орындалды. Тәртіпті сақтау мақсатында биыл қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды сақтамаған тұлғаларға 27 946 хаттама толтырылған. Жалпы 556,5 миллион теңге айыппұл салынған.
Ауыл округ әкімдері өздеріне берілген өкілеттіктеріне сәйкес заң талаптарын бұзған тұлғаларға ескерту және айыппұл салу хаттамаларын толтыруды тұрақты жүргізіп жатыр. Осыған байланысты ауыл округі әкімдіктері тарапынан 2025 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 505-бап бойынша 5 016 хаттама толтырылып, нәтижесінде 42,5 миллион теңге айыппұл салынған. Бұндай бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде түсіндіру және профилактикалық шаралар жүргізілуде.
Облыс әкімі басты мәселе – тұрғындар арасында экологиялық сауаттылықты көтеру мен қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін қалыптастыру екенін айтты. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
Естеріңізде болса, желтоқсанның 4-інде Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың табиғатты қорғау іс-шараларын жүргізу, ағаш отырғызу, заңсыз қоқыс алаңдарын жою, ҚТҚ өңдеу жобаларын жүзеге асыру туралы баяндамасы тыңдалды. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша сөз сөйледі.
«Президентіміздің “Таза Қазақстан” бастамасы кең ауқымды жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Мәселе тек ағаш отырғызу және қоқыс тазарту туралы болып отырған жоқ. Табиғатты қорғау идеясына бүкіл қоғамды біріктіру, жайлы да таза қоршаған орта қалыптастыру ісіне әрбір адамның белсенді қатысуы – біздің жұмысымыздың басты нәтижесі болуға тиіс. Табиғи байлықты сақтау, ауа мен судың тазылығын қамтамасыз ету, ресурстарды ұтымды пайдалану – біздің алдымызда тұрған басым міндеттер. Мемлекет басшысының бастамасы бір күндік науқан емес, жаңа экологиялық мәдениетті, сондай-ақ азаматтарымыздың күнделікті өмір салтын қалыптастыруға бағытталған тұрақты жұмыс», — деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл республика бойынша 1 250 экологиялық іс-шара өткізілді, оның ішінде аумақтарды жинау, көгалдандыру және экологиялық ағарту жұмыстары жүргізілді. 2,8 миллион-нан астам ағаш отырғызылды, 1 миллион гектардан астам жер тазартылды, шамамен 800 мың тонна қалдық жиналды. Осылайша, «Таза Қазақстан» акциясының нәтижесінде коммуналдық шаруашылықтың жүргізіліп жатқан қызметімен бірлесіп қалалар мен ауылдарда 3,8 миллион ағаш отырғызылды. Бүгінгі таңда 18 миллион-нан астам ағаш отырғызылды, бұл Президенттің 2025 жылға дейін елді мекендерде 15 миллион көшет отырғызу міндетіне жауап береді.
Заңсыз қоқыс алаңдарын жою жұмыстары жалғасуда. Құқық қорғау органдарымен бірлесе 1 300-ден астам мобилді топ жұмыс істеуде. Биыл ғарыштық мониторинг арқылы 3 833 полигон анықталды, олардың 80%-ы жойылды. 165 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы 12,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жыл басынан бері @TazaQazBot телеграмм-чат платформасы арқылы 24 мыңнан астам өтінім түсті, оның 23 мыңнан астамы орындалды. Келіп түскен өтініштердің дені аумақтарды тазарту (8524), тұрмыстық қоқыстарды шығару (1709), көшелерді абаттандыру (1675) және жолдарды жөндеу (1480) жұмыстарына қатысты.
«Таза Қазақстан» бастамасындағы негізгі аспектілерінің бірі – қалдықтарды жауапкершілікпен өңдеу. Өңірлердің экологиялық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін 8 жаңа ҚТҚ полигоны пайдалануға берілді. Қалдықтарын жинау, сұрыптау және қайта өңдеу бойынша, оның ішінде кәдеге жарату алымынан түсетін қаражат есебінен жалпы құны шамамен 89,4 миллиард теңгені құрайтын 22 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асыру сатысында тұр. Тағы 40 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, Кешенді жоспарда қатты тұрмыстық қалдықтар бойынша 100 полигон салу көзделген.
Сондай-ақ Ерлан Нысанбаев Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 3 қоқыс өртеу зауытын салу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Биыл жалпы құны 293 миллиард теңгені құрайтын инвестиция туралы тиісті келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар кәдеге жарату қаражаты есебінен құрамында тұрақты органикалық ластаушы заттары бар қалдықтарды басқаруға және сот шешімімен республикалық меншікке берілген иесіз қауіпті қалдықтарды жою көзделеді.
Премьер-министр жұмыс қарқыны баяу Абай және Ұлытау облыстары әкімдерін тыңдады: өңірлерде полигондардың 36% және 53%-ы ғана жойылған. Олжас Бектенов тұрмыстық қатты қалдықтарға қатысты жағдайды түзету бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Жетісу облыстарының әкімдіктері жыл соңына дейін заңсыз қоқыс алаңдарын жою жұмыстарын аяқтауы қажет. Полигондар құрылысын жеделдету тапсырылды.
Биыл шамамен 6,5 миллион қазақстандық экологиялық акцияларға қатысты. Премьер-министр жастарға ерекше көңіл бөле отырып, халық арасында кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева экологиялық мәдениет қалыптастырудың жаңа тәсілдері туралы айтты. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы арқылы өскелең ұрпақ бойына еңбекқорлық, отансүйгіштік, экологиялық жауапкершілік құндылықтарын сіңіруде. Бүгінгі таңда оқушылардың 87,2%-ы қосымша экологиялық біліммен қамтылған. Олар үшін экология, биология, туризм, өлкетану және басқа да бағыттар бойынша клубтар мен үйірмелердің 380-ге жуық түрі жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта еліміздегі 35 жоғары оқу орнында экология саласы бойынша мамандар дайындайды. 2025–2026 оқу жылына «Қоршаған орта» бағыты бойынша 2358 мемлекеттік грант бөлінді. Жоғары оқу орындарында да еріктілік белсенді дамып келеді: студенттердің қатысу көрсеткіші 45%-ды құрады.
Сонымен қатар инженерлік экология, экоаналитика және тағы басқа саласында кадрлар даярлау жөніндегі білім беру бағдарламаларын жаңарту жүргізілуде, 2025–2027 жылдарға арналған ғылым желісі бойынша «Экология, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» бағыты бойынша 318 жоба жүзеге асырылуда.
Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктер ағаш отырғызуды сапалы қамтамасыз ету және тәлімбақтар құру бойынша тиісті шаралар қабылдауы тиіс екенін атап өтті. Бұл жағдайда егілген көшеттердің санына ғана емес, олардың жерсініп кетуіне де назар аудару керек.
Бақылауды күшейту үшін Премьер-министрдің төрағалығымен «Таза Қазақстан» Президент бастамасының жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізу жөніндегі орталық құрылады. Жауапты мемлекеттік органдар жүргізіліп жатқан жұмыс туралы ай сайын баяндайтын болады.
Мұнан өзге аппарат мәжілісінде жылыту маусымының өту барысы да баяндалды. Өңірде қазандықтар температуралық кестеге сәйкес штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Облыс бойынша жалпы 580,4 мың тонна көмір қажет болса, 549 мың тонна көмір жеткізіліп, 95% қамтылған. Бюджеттік мекемелер көмірмен 100 пайыз қамтылып, жылыту маусымы тұрақты өтуде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
