
Енді рет-ретімен баяндайық. Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Ашық әкімдік» кеңсесінде кезекті рет тұрғындарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады. Жауапты сала басшыларымен бірге азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын зерделеп, сұрақтарына жауап берді.
Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, жеңілдетілген несие алу мәселелерін көтерді.
Сауран ауданында ірі қара мал бордақылайтын кешен құрылысын бастаған азамат жеңілдетілген несие алуға өтінім бергенін айтып, алайда әлі күнге дейін қаржыға қол жеткізе алмай жүргеніне шағымданды. Жоба бойынша мал бордақылайтын алаңнан басқа, құрама жем зауыты мен былғары өңдейтін цехты іске қосу көзделген. Ірі жобаны қаржыландыру 2026 жылдың жоспарына енгізілген.
Қазығұрттық қария жылыжай құрылысы мен мал шаруашылығын дамытуға жер берілсе деген өтінішін жеткізді. Азаматқа шаруашылық жүргізуге жер алу заңдылығы түсіндіріліп, жарияланатын конкурсқа қатысу туралы ақпарат берілді. Астаналық компания өкілдері белгілі бір аймақтарда қатты пайдалы қазбаларды барлау үшін жолданған сұранысты қанағаттандыруға ықпал етуді сұрады. Өтініш иесіне сұраныс бойынша заң талаптарының сақталуы үшін нақтылауларды қажет ететін қосымша зерделеу-анықтау шаралары жүргізілетіні айтылды.
Нұрбол Тұрашбеков көтерілген барлық мәселелер бойынша жауап беріп, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Айта кетейік, облыс әкімі мен оның орынбасарлары азаматтарды жеке қабылдауды тұрақты түрде жалғастырады. Жеке қабылдауға жазу жұмыстарын Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Қабылдауға «egov.kz» порталы, «е-otinish» бірыңғай базасы арқылы және «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.
Ал кеше облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өңірдегі шетелдік инвесторлардың өкілдерімен кездесу өтіп, Қазақстан Республикасының заң талаптары түсіндірілді.
Кездесуге облыстық полиция департаменті Көші-қон қызметінің басқарма басшысы Аида Смағұл, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміскүл Мирова, «Тұран» арнайы экономикалық аймақтың басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жасұлан Төлебеков қатысты.
Кездесу барысында Қазақстанда жұмыс істеу заңдылығы мен шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат рәсімдеу тәртібі, қолданыстағы заң талаптары, құқық бұзушылықтардың алдын алу және инвестициялық жобалардың заңды жүзеге асырылуын қамтамасыз ету кеңінен түсіндірілді.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 165,5 миллион АҚШ долларын құрайтын 7 инвестициялық жоба іске қосылып, жұмысын атқаруда. Олар мақта-мата өндірісін, ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіру ісін, көкөністерді кептіру мен қайта өңдеуді, бейнебақылау камераларын, еден жабындыларын шығаруды жүзеге асырып, сондай-ақ қуаттылығы 300 МВт құрайтын күн электростанциясын іске қосты.
Нұрбол Тұрашбеков өз кезегінде жұмыс барысында Заң талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.
– Іскерлік байланыстарды нығайту — өнеркәсіптің тұрақты дамуының негізі. Ал, сенімді серіктестік – қазіргі таңда ең маңызды ресурс. Сіздер мен біздердің арамызда жауабы жоқ сұрақ болмауы тиіс, — деді.
Жауаптылар Еңбек заңнамасының негізгі бағыттарына тоқталып, жұмыс күшін тіркеу, рұқсат рәсімдеу ережелерін баяндап берді. Компания өкілдері тіркелім мерзіміне, салық заңдылығына, еңбек қатынастарына қатысты сұрақтарын ортаға салып, мамандардан жауап алды.
Бұдан бөлек Түркістан облысының «Ашық әкімдік» кеңсесінде жиі жеке қабылдау өткізіліп, тұрғындар өтініші заң аясында шешімін тауып келеді. Бүгін кезекті рет облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев әртүрлі салалар бойынша тұрғындарды жеке қабылдап, мәселерін тыңдады.
Жеке қабылдауға келген тұрғындар әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналасу, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету, сондай-ақ білім мен денсаулық салаларына қатысты мәселелерді көтерді. Кейбір тұрғындар бейне байланыс арқылы қосылып, шағымдары мен ұсыныстарын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары тұрғындарының өтініштерін мұқият тыңдап, заңды шешілу жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар тиісті басқарманың жауаптыларына нақты тапсырмалар беріп, кейбір өтініштер бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізуді жүктеді. Тұрғындар тарапынан айтылған өтініш пен ұсыныс-пікірлер хаттамаға түзіліп, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
