Түркістан облысы: Арыс қаласының сәулеттік келбетін жақсарту мәселелері талқыланды

Loading

Бүгін қала әкімі Қайсар Маңқараевтың төрағалығымен Арыс қаласының сәулеттік келбетін жақсарту жөніндегі жұмысшы топтың кезекті отырысы өтті.

Жиын барысында Арыс қаласы сәулет және қала құрылысы бөліміне қарасты «Арыс қаласының урбанистика орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан ұсынылған қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған жобалар қаралды.

Күн тәртібіне барлығы 7 мәселе көтерілді. Олардың қатарында қала аумағының жалпы сәулеттік дизайнын жетілдіру, көше аумақтарын абаттандыру, сондай-ақ инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған маңызды жобалар қамтылды. Атап айтқанда, Арыс қаласының сәулеттік келбеті дизайны мен көше кеңістіктерін абаттандыру жобалары, жаңадан бой көтеріп жатқан Арыс-2 теміржол вокзалы аумағын абаттандыру, сондай-ақ Төле би көшесін кеңейту және көріктендіру жобалары жан-жақты талқыланды.

Аталған жобалар бойынша Арыс қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрғиса Ережепұлы егжей-тегжейлі баяндама жасап, ұсыныстардың мақсаты мен күтілетін нәтижелерін түсіндірді.

Жиынға қатысқан комиссия мүшелері ұсынылған жобаларға қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, оларды іске асыру барысында ескерілуі тиіс бірқатар нақты мәселелерге тоқталды. Талқылау нәтижесінде жобаларды жетілдіру, кезең-кезеңімен жүзеге асыру және қала тұрғындарының қолайлылығын арттыруға бағытталған ұсыныстар ортаға салынды.

Қала әкімі Қайсар Маңқараев сәулеттік шешімдер қала келбетіне ғана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін атап өтіп, жауапты сала басшыларына ұсынылған жобалар бойынша тиісті қорытындылар шығарып, нақтыланған ұсыныстарды пысықтауды тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You