
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы тұрғын үй құрылыстарындағы жұмыстардың жай-күйімен танысып, сапалы салынуына мән беруді бір сәт те назардан тыс қалдырған емес. Кешегі сейсенбі күні шаһарда жүріп жатқан тұрғын үй құрылыстарының барысын бақылап, нысандардағы жұмыс қарқынын бағамдады.
Бүгінде Түркістан қаласында әлеуметтік 512 пәтерлі 6 тұрғын үй және 1232 пәтерлі 24 кредиттік үй салынып жатыр. Қала басшысы әкімдік тапысырысымен салынып жатқан 5,2 гектарды құрайтын арендалық және кредиттік «Жібек жолы» тұрғын үй кешені мен Отырар мөлтекауданындағы 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты. Қазіргі таңда Отырар мөлтекауданындағы тұрғын үй құрылысы толық аяқталып, «Отбасы банкі» арқылы 600 пәтердің конкурсы өтіп жатыр.
Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс сапасын басты назарға алып, мердігер мекеме басшыларымен кездесу барысында кемшіліктерді ретке келтіріп, талапқа сай, уақытылы аяқтау қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысын дамыту мемлекеттік бағдарламалар аясында кезең-кезеңімен жүзеге асып, халықты баспанамен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Жалдамалы тұрғын үйлерді үйлестіру жұмыстары қалай жүзеге асады?
Орайы келгенде осы сұраққа жауап бере кетейік. Түркістан қаласында бүгінде 23 370 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 944 пәтерлі 11 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар жыл соңына дейін 512 пәтерден тұратын 6 тұрғын үйдің құрылысы толық аяқтау жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта жалдамалы тұрғын үйлерді әділ үйлестіру үшін «Отбасы банкі» кезекте тұрған азаматтардың деректерін тексеріп жатыр. Егер «kezekte.kz» арқылы кезекке тұрған болсаңыз, жеке деректерді өңдеуге келісім беруді ұмытпаңыз. Ол үшін «orken.otbasybank.kz» сайтына кіріп, ЭЦҚ арқылы келісімге қол қою қажет.
Айта кетейік, жыл басынан бері Түркістан қаласында 872 пәтер пайдалануға берілген, оның 440-ы арендалық баспаналар болса, 432-сі кезекте тұрған отбасыларға табысталды.
Тағы бір атап өтер жайт, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында Түркістан қаласында «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасына 12 қараша – 14 қараша күндері өтінім қабылдау жүрді. Бағдарламаны Түркістан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» акционерлік қоғамы бірлесе жүзеге асырдып.
Бағдарламаға Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, сондай-ақ әкімдік пен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері қатыса алады.
Бағдарлама шарттары:
- Жалдау мерзімі – 20 жылға дейін;
- Бастапқы жарна талап етілмейді;
- Өтініштер комиссиясыз қаралады;
- Табыс жеткіліксіз болған жағдайда кепілгер тарту мүмкіндігі бар;
- Тұрғын үйді мерзімінен бұрын сатып алуға болады;
- 1 шаршы метр үшін айлық жалдау ақысы – 1 896,04 теңге.
Тұрғын үйлердің саны мен сипаттамасы:
Жалпы саны – 9 (тоғыз) пәтер.
Барлығы — екі бөлмелі пәтерлер, жалпы ауданы — 61 шаршы метрден 72,8 шаршы метрге дейін.
Орналасқан мекенжайы: Түркістан қаласы, Жаңа қала шағынауданы, Арман көшесі, №23 және №28 үйлер. Өтінім Түркістан қаласы, Тәуке хан даңғылы №278 в мекенжай бойынша қабылданды.
Қажетті құжаттар тізімі:
- Кезекке тіркелген санат мәртебесін растайтын анықтама;
- Қазақстан бойынша мүлік туралы анықтама (барлық отбасы мүшелеріне);
- Жеке куәлік.
Қатысушыларды іріктеу тұрғын үйге кезекке қою күніне сәйкес жүргізілді.
Осы орайда Түркістан қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерге сервистік қызмет көрсетуші мекемелер туралы да мағлұмат бере өтсек.
Түркістан қаласы бойынша жалпы 422 көпқабатты тұрғын үй бар, оның ішінде 127 үй Басқару формасын құруды қажет етпейді, 65 үй коммуналдық меншіктегі үйлер – көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп ұстау бойынша «Басқарушы компанияның» басқаруында, қалған 230 үйге «Мүлік иелерінің бірлестігін» (құрылғаны — 200 үй) құруды қажет етеді. Қалған 30 көпқабатты тұрғын үйлерге түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Кондоминиум нысаны ретінде 229 көпқабатты тұрғын үй тіркелген, қалған 128 көпқабатты тұрғын үйлерді реттілігімен тіркеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Көпқабатты тұрғын үйлерді басқарушы және сервистік қызмет көрсетуші мекемелер тізімі:
- «ОҚО үйлерін басқару» ЖШС директоры Ж.Исмаилов, 87784041325, (Басқару компаниясы);
«Жеңіс-Түркістан» ЖШС директоры С.Мейрбекова, 87784041325;
- «Түркістан үйлерді басқару» ЖШС, Асылбай Жандарұлы Оразалиев (Басқару компаниясы);
«Түркістан қызмет сервис» ЖШС директоры Б.Бердибаев, 87017641520;
- «Тепло Сервис» ЖШС-і директоры П.А.Манкентбаева, (Басқару компаниясы бар);
«ЭКО Сервис Туркестан» ЖШС директоры А.Сарыбек 87000504030 Ербол;
- «Керемет Түркістан» ЖШС директоры Ж.Оразметова, 87472065985;
- «Рухани Астана Түркістан Сервисі» ЖШС директоры А.Балтабай, 87026287078;
- «Қамқор» ЖШС директоры Б.Айтмахан, (Басқару компаниясы);
«Ғибрат» ЖК директоры Д.Балғабаева, 87763080838;
- “Тұран Инвестор” ЖШС директоры Б.Исамбаева 87053752684;
- «PB SERVICE» ЖШС директоры Алтай Жаханшерұлы Кенжебаев, 8 700 098 19 87 Асылжан.
Түркістанда 33 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңартылып жатыр
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасына сәйкес, тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін жақсарту және қала инфрақұрылымын жүйелі түрде дамыту мақсатында көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Биыл қала аумағында жалпы саны 33 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетін жөндеу жоспарланған. Жоспар аясында Тоқаш Бокин көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерде жөндеу жұмыстары толық көлемде жүзеге асырылып, 15 үйде жұмыстар толығымен аяқталған.
Сонымен қатар, 1 және 2 ықшамаудандарда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерді қамтитын қасбетін жаңарту жұмыстары 18 тұрғын үйге жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 17 тұрғын үйінде жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Ал №8 тұрғын үйде жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жалғасып жатыр.
Айтпақшы, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай Түркістан қаласында тұрғындар тарапынан мерекелік бастама қолға алынды. Атап айтқанда, 1-мөлтек ауданында орналасқан №3 көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары өз үйлерін мемлекеттік рәміздермен және мерекелік элементтермен безендірді.
Аталған бастама тұрғындардың елге деген құрметі мен отансүйгіштік сезімін айқындайды. Үйдің сыртқы келбеті мерекелік сипатқа еніп, қала көркіне ерекше сән қосты. Мұндай игі істер азаматтардың бірлігі мен белсенділігін көрсетіп, Тәуелсіздік күнінің маңызын арттыра түседі.
Бұдан бөлек Тәуелсіздік күніне орай Түркістан қаласында мерекелік безендіру жұмыстары жүргізілді. Қала көшелері мен қоғамдық кеңістіктерде ұлттық мерекенің маңызын айқындайтын көрнекі ақпараттық материалдар орнатылып, қала тұрғындарына ерекше мерекелік атмосфера сыйлады. Негізгі көшелер бойындағы билбордтарда мемлекеттік рәміздер мен тарихи-мәдени символдар бейнеленген арнайы құттықтау баннерлері орналастырылды. Сондай-ақ «16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні» деген мазмұндағы жазулар арқылы ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталды.
Түркістан қаласының орталығында орналасқан азық-түлік дүкені 16 желтоқсанға орай ерекше безендірілген. Таңнан басталған безендіру кешке аяқталған. «Келген тұтынушылар мерекелік атмосфераны сезінсін деген ой болды. Қазір алушылар дүкенді видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап жатыр», — дейді кәсіпкер Дархан Сраждинов.
Ең маңыздысы, шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлердің жай-күйі — ұдайы жергілікті биліктің бақылауында. Жуырда Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Байсейітұлының төрағалығымен көпқабатты тұрғын үйлерге қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналған мәжіліс өтке болатын. Жиынға қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ полиция басқармасы, төтенше жағдайлар басқармасы мен газ және электр желілері мекемелері, «Жылу» МКК, «Түркістан-Су» МКК, мониторинг және жедел әрекет ету орталығы, сондай-ақ мердігер ұйымдардың өкілдері мен тұрғындар қатысты.
Мәжіліс барысында тұрғындар мен меншік иелері бірлестіктерінен келіп түскен негізгі мәселелер қаралды. Атап айтқанда, көпқабатты үйлерге жапсарлас кәсіпкерлік нысандардың жылу жүйесіне заңды түрде қосылуын тексеру, бірқатар ғимараттардағы құрылыс ақауларын, сынған терезелерді, су басқан жертөлелерді қалпына келтіру, сондай-ақ аула аумақтарындағы абаттандыру сапасын жақсарту мәселелері талқыланды.
Сонымен бірге вандализмнің алдын алу, ойын алаңшаларындағы және пәтераралық инженерлік жүйелердегі кемшіліктерді ретке келтіру, фасад бояуын жаңартуға байланысты шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.
Қала әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев көтерілген мәселелер бойынша шешу жолдарын қарастырып, жауапты мекемелер мен мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктеп, тұрғын үй мәселесіндегі кемшіліктер қала әкімінің назарында екенін атап өтті.
Бұдан бөлек Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Байсейітұлының төрағалығымен өткен жиында қаланың сәулеттік келбеті мен қала құрылысының даму бағыты да кеңінен талқыланып, Түркістан қаласы әкімдігі Сәулет және қала құрылысы бөлімінің атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары назарға алынды. Бөлім басшысы Мұхит Көшенов сөз сөйлеп, бөлім тарапынан жүзеге асып жатқан жобалар жайын баяндады. «Түркістанның әрбір көшесі, әрбір жаңа нысаны — шаһардың болашағына жасалған үлес. Біз қаланың тарихи болмысын сақтай отырып, заманауи талаптарға сай келетін орта қалыптастыруға күш салып жатырмыз», — деді ол.
Мәжіліс барысында жауапты мамандарға нақты міндеттер жүктеліп, қала келбетін жақсартуға бағытталған жаңа ұсыныстар талқыланды.
Көше демекші, Түркістан қаласында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолайлы орта қалыптастыру мақсатында көше жарықтандыру жүйесін жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде атқарылып келеді. Қазіргі таңда қала аумағында 37 302 жарықтандыру нүктесі жұмыс істейді. Оның ішінде, ішкі орам көшелеріне 450 дана шам орнатылған. Барлық шамдар заманауи һәм энергия үнемдейтін технологиялармен жабдықталған.
Сонымен қатар қазіргі уақытта 30 көшеде жаңа электр шамдарын орнату және жарықтандыру желісін орнату жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр.
Жарықтандыру желісі автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады. Көшелердегі шамдар кешкі 17:00-да қосылып, таңғы 07:00-де өшіріледі. Бұл қала тұрғындарының түнгі уақытта қауіпсіз қозғалуына, қоғамдық тәртіптің сақталуына және қала келбетінің жақсаруына оң әсер етеді. Алдағы уақытта қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңарту аясында жарықтандыру желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту, қосымша нүктелер орнату жұмыстары жалғасын табады. Сонымен бірге тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру шаралары да қолға алынған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
