2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Түркістан қаласында тағы бір арнаулы қызметтер көрсету орталығы өз жұмысын бастады

Loading

Апта басында Түркістан облысының орталығында менталды бұзылыстары бар балаларды қолдауға бағытталған маңызды әлеуметтік нысан – «Қамқорлық» арнаулы қызметтер көрсету орталығы өз жұмысын бастады. Орталықтың ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды құттықтады.

– Бүгін — біз үшін ерекше қуанышты күн. Түркі әлемінің астанасы тарихи Түркістан қаласы тағы бір әлеуметтік нысанмен толығып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейтіп, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауды тапсырған болатын. Міне, осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде «Қамқорлық» жаңа арнаулы әлеуметтік орталығы ашылып отыр. «Қамқорлық» – атауының өзі айтып тұрғандай, балаларымыздың өміріне жарық, жүрегіне үміт сыйлайтын орталық болатынына кәміл сенемін. Мұнда бір уақытта 18 жасқа дейінгі 125 балаға 8 бағыт бойынша жартылай стационарлық жағдайда сапалы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Орталықта 90-ға жуық жұмыс орны құрылып, іргелес жатқан 4 аудан, қаланың тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылады. Жаңа орталық заманауи құралдармен жабдықталып, балалар үшін барлық жағдай жасалған. Осы ретте, орталықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, демеушілік жасаған «Samruk-Kazyna Trust», «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларына шынайы алғыс білдіремін. Құрметті ата-аналар! Сіздердің шыдамдылық пен мейірімдеріңіз – біздің балаларымыз үшін ең үлкен демеу. «Қамқорлық» орталығы сіздерге серік, сенімді тірек болады деп санаймын. Баршаңызды жаңа орталықтың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Балаларымыздың жүрегіне шаттық пен шабыт сыйласын! Орталықтың жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Нұралхан Көшеров.

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов та орталықтың маңызына тоқталды. «Жоба бірыңғай стандарттар негізінде жүзеге асырылып, тұрақты әлеуметтік нәтижеге бағытталған. Бұл – елде инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған «Самұрық-Қазына» қорының жүйелі жұмысының бір бөлігі. Атап айтқанда, ертең Түркістан облысының Сарыағаш қаласында және Тұрар Рысқұлов ауылында «Ainala» оңалту орталықтары өз жұмысын бастайды. Ал жыл соңына дейін қордың қолдауымен ашылған осындай орталықтардың саны 55-ке жетеді», – деді ол.

Сонымен бірге «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары София Айсағалиева мен «Қамқорлық» қоры корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінқызы да құттықтау сөз сөйлеп, мұндай игі бастамалар жалғасатынын жеткізді.

Аталған орталық Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тиесілі және жартылай стационарлық режимде жұмыс істейді. Бір мезетте 3 жастан 18 жасқа дейінгі 125 баланы қабылдай алады. Мұнда балаларға тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қызметтер көрсетіледі.

Заманауи талапқа сай орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, «Қамқорлық» корпоративтік қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры бірлесіп, 350 миллион теңге, ал қызметкерлерді оқытуға 40 миллион теңге қаражат бөлді.

Орталықта балалардың қосымша білім алуына және психологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған проекциялық, интерактивті, сенсорлық және сенсорлық-интеграция бөлмелері, робототехника және «LEGO» сыныптары, музыка және арт-терапия кабинеттері, сондай-ақ тігін және қыш шеберханалары толық жабдықталды. Жаңа орталық өңірде аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балалардың мінез-құлқын түзетуге, олардың қоғамға бейімделуіне және толыққанды әлеуметтенуіне оң ықпал ететін маңызды әлеуметтік нысан болмақ.

Айта кетейік, мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі – мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау. Бүгінгі таңда Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны 102 мың болса, оның ішінде 15 457-сі – балалар. Ал 2025 жылғы 1 желтоқсандағы мәліметке сәйкес, облыс аумағында аутистік спектрінің бұзылуы (АСБ) диагнозы қойылған 398 бала тіркелген.

Соңғы бес жылда «Samruk-Kazyna Trust» қоры Түркістан облысында 20-дан астам қайырымдылық жобаны іске асырды. Олардың қатарында «Ainala» оңалту орталықтары, 3 және 18 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталықтары, аутизмі бар балаларға арналған орталықтар, Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, ауылдық елді мекендердегі спорт алаңдары сынды жобалар бар.

Естеріңізде болса, облыс орталығындағы жаңа технологиямен жабдықталған «Қамқорлық» балалар оңалту орталығы 2022 жылдың 1 маусымында ашылған болатын. Онда жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балаларды қабылдап, ем-дом көрсетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға айрықша көңіл бөлу қажет екенін айтқан-ды. «Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет.

Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырамын», — деген еді Мемлекет басшысы Жолдауында. Сөйтіп қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне биліктің назар аударуын тапсырған.

 Ресейлік ғалым, физикалық және оңалту медицинасының білікті маманы Г.Пономаренконың деректеріне қарағанда, адамзат баласы ауыратын сырқаттардың түрі 10 мың шамасында екен. Олардың 4 мыңына массаж, тыныс алу және дене гимнастикасы, физиотерапия тәрізді физикалық факторларды қолдана отырып ем-дом жасап, адамды қатарға қосуға болады. Мұны физикалық медицина дейді. Ал мүгедектікке апарып соғатын дерттердің саны шамамен 100-200 аралығында. Міне, осы сырқаттардың кесірінен қабілет-қарымынан айырылған адамдарды емдеуді оңалту медицинасы жүзеге асырады. Әрі оңалту мерзімі де ұзақ уақытты қажет етеді. Оңалту ісіне физикалық та, оңалту медицинасы да, қоғам мен отбасы да, педагогтар да қатысады. Тек біздің елде осынау екі жүздей аурудың не себепті балаларымызда жиірек кездесе бастағаны түсініксіз болып тұр.

Бір қуантарлығы, Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар атқарылуда. таяуда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік қорғалуы және өзекті мәселелері талқыланды.

Жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда басқармаға қарасты 12 коммуналдық мемлекеттік мекеме мүгедектігі бар азаматтарға түрлі қызметтер көрсетуде.

Қазіргі таңда республика бойынша 737,4 мың мүгедектігі бар адам тіркелсе, оның 102 401-і Түркістан облысында есепте тұр. Бұл көрсеткіш облыс халқының 4,6%-ын, ал республикадағы мүгедектігі бар адамдардың 14% құрайды.

Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында биыл жалпы көлемі 19,6 миллиард теңге қаржы бөлінген. Соныман қатар ерекше қажеттілігі бар адамдарды оңалту бағдарламасы аясында көрсетілетін қызметтерді қаржыландыру үшін 2026-2028 жылдарға жалпы 44,3 миллиард теңге қарастырылып отыр. Енді бұл қаржы келесі жылдан бастап аудандық және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің балансына беріледі. Осыған байланысты бөлінген қаржының мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін мониторинг жүргізу жоспарланған.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бағыттағы жұмыстарды ширатып, көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау бағытында жанашырлықпен жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Жауапты басқармалар мен мекеме басшыларына әлеуметтік қолдауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Жалпы, 2025 жылы Қазақстан балаларға медициналық оңалтудың қолжетімділігін едәуір кеңейтті. «Қамқорлық» жобасы шеңберінде Атырау, Қызылорда, Алматы, Маңғыстау, Жетісу және Ақмола облыстарында 6 жаңа ауданаралық оңалту орталығы ашылды.

Түркістан қаласында балаларды оңалту орталығы ашылды

Оңалту демекші, желтоқсан айының басында Түркістан қаласында балаларға арналған қалалық оңалту орталығы ашылды. Маңызды нысанның ашылу салтанатына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, орталықтың ашылуына атсалысқандарға алғыс білдірді. Сондай-ақ осындай игі жобалардың жүзеге асуы – қоғамның бірлесіп атқарған жұмысының жемісі екенін атап өтті.

– Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқығын қорғау, оларға қолайлы жағдай жасау мәселесіне үнемі назар аударып келеді. Бұл бастамалар балалардың құқықтары, қауіпсіздігін, әлеуметтік-психикалық дамуы, өмір сүру жағдайы мен денсаулық көрсеткіштерін жақсарту мәселелерін кешенді қамтамасыз етуге арналған. Балалар – біздің болашағымыз. Олардың денсаулығы мықты, мүмкіндіктері кең, өмір сапасы жоғары болуы – мемлекет үшін басты міндет. Сондықтан да бүгін іске қосылып отырған орталық, ең алдымен, ата-аналарға үміт сыйлайтын, балаларға жаңа мүмкіндік беретін маңызды мекеме болмақ. Мұнда балалар заманауи әдістермен ем алып, жоғары білікті мамандардың қолдауына ие болады, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Ал облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұртшылықты келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Түркістан өңірінің денсаулық сақтау саласында маңызды жобалар жалғасатынын жеткізді.

– Бүгін балаларға арналған қалалық оңалту орталығы ашылуда. Бұл – балаларымыздың денсаулығын жақсартуға, олардың даму мүмкіндіктерін кеңейтуге және өмір сапасын арттыруға бағытталған үлкен қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген болатын. Біздің ең басты мақсатымыз – облыстағы әрбір баланың бақытты өмір сүріп, сапалы медициналық қолдауға қол жеткізуіне мүмкіндік жасау, – деген Нұралхан Оралбайұлы осы маңызды нысанды салуға демеушілік көрсеткен «YDA HOLDING» компаниясына алғысын жеткізді.

«YDA Group.KZ» компаниясының бас директоры Онур Кыроглу да құттықтау сөз сөйледі. Бұл нысанның Кираз Арслан мен Яшар Деде Арсланның құрметіне «YDA» компаниясы тарапынан салынып, Түркістан облысына сыйға тартылып отырғанын атап өтті.

Жобаның құны 2,7 миллиард теңгені құрайды. Ғимараттың жалпы аумағы 1,56 гектарды құрайды. Ғимараттың жалпы ауданы – 2 227,41 шаршы метр. Оңалту орталығы 40 тәуліктік және 20 амбулаторлы емханалық көмек көрсетеді. Жаңа орталық заманауи талаптарға сай жабдықталған және толық кешенді оңалту көмегін ұсынуға қауқарлы. Атап айтқанда, ортопедиялық және нейрохирургиялық оталардан кейінгі кезең, неврологиялық ауытқулар, кардиохирургиялық оталардан кейінгі кезең, орфандық ауруларды емдеуге арналған. Бұл – тек Түркістан қаласына ғана емес, бүкіл облыс балаларына арналған орталық.

Айта кетейік, Түркістан облысында 0-14 жас аралығында 774 мыңнан астам бала бар. Соңғы жылдары Түркістан облысы еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналды. Өңірде соңғы 5 жылда 300-ден астам жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Бүгінде облыста 4 балаларды оңалту орталығы және 3 «Қамқорлық» орталығы жұмыс істейді. Биылдың өзінде 14 153 балаға оңалту көмегі көрсетілді.

Денсаулық сақтау министрлігі таратқан деректерге жүгінсек, ағымдағы жылы республика бойынша барлығы 125 мың бала оңалту көмегін алған екен. Сонымен қатар, балалар денсаулығы саласындағы мамандандырылған бағдарламаларды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Елімізде «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасы және 2026-2030 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары әзірленді.

Құжат әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған барлық қолданыстағы және жоспарланған шараларды біріктіреді. Бұл Қазақстандағы мемлекеттің, ата-аналардың, педагогтардың, дәрігерлердің, әлеуметтік қызметтер мен ҮЕҰ-ның күш-жігерін біріктіретін алғашқы кешенді бағдарлама саналады.

«Сырлы дыбыс» — есту қабілеті бұзылған балаларды қолдау жобасы. Ағымдағы жылы заң қабылданды, соған сәйкес 2026 жылдан бастап I-III дәрежелі есту қабілеті бұзылған балалар жергілікті бюджеттердің есебінен сүйек өткізгіштік операцияларынан кейін есту аппараттарымен және аудиопроцессорлармен қамтамасыз етілетін болады.

«Ажарлы келбет» — балаларға реконструктивтік көмек жобасы. МӘМС жүйесінде бет пен бастың туа біткен анатомиялық кемістіктері бар балаларға реконструктивтік және пластикалық операциялар енгізілді.

P.S. Түркістан қаласында мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Биыл мыңдаған тұрғынның жеке оңалту бағдарламасы әзірленіп, қажетті құралдармен және қызметтермен қамтамасыз етілді. Протез-ортопедиялық, сурдо және тифло-техникалық құралдар, арнаулы жүріп-тұру құралдары, санаторлық емдеу мен әлеуметтік қызметтер қолжетімді болып отыр. Инватакси мен әлеуметтік такси қызметтері де тұрақты жұмыс істеп, ерекше жандардың еркін қозғалысын қамтамасыз етуде.

Бұдан бөлек 2025 жылдың басынан бері Түркістан қаласында әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасып келеді. Нәтижесінде 1329 отбасы немесе 8442 тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бүгінгі таңда қаладағы кедейлік деңгейі 3,5 пайызды құрап отыр.

АӘК алушылардың ішінде 843 отбасы (6028 адам) – шартты атаулы әлеуметтік көмекке, 486 отбасы (2414 адам) шартсыз атаулы әлеуметтік көмекке ие болды.

Сонымен қатар, 1-6 жас аралығындағы балаларға қосымша әлеуметтік қолдау шаралары жалғасуда. Биыл 1225 отбасының 2596 баласына төлемдер тағайындалды. Демеушілік және қайырымдылық ұйымдарының қолдауымен 915 отбасыға қажетті әлеуметтік көмектер көрсетілді. Қазіргі таңда Түркістан қаласында кедейшілік шегі – 38 776 теңге, ал күнкөріс деңгейі – 52 394 теңге мөлшерінде белгіленген.

Көпбалалы аналарды қолдау — әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда қалада 15 735 көпбалалы ана есепте тұр. Оның ішінде 1098-і – «Алтын алқа» иегері, 2364-і – «Күміс алқа» иегері, 71-і – «Батыр ана», 92-сі – I-II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталғандар, 12 110 -сі– 18 жасқа дейінгі төрт және одан көп баласы бар аналар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You