Түркістан облысы: Жетісай ауданында күштік құрылымдардың қызметтік дайындықтары тексерілді

Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында қызмет атқарып жүрген құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметінің, шекарашылардың жеке құрамының саптық дайындығын бағалау, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңiс күні мерекесімен құттықтау мақсатында гарнизондық саптық байқау өтті.

Аталған іс-шараға аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Ермеков пен Мақтаарал ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы Асқар Аяғанов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Баймахан Баһарам арнайы қатысып, бөлімшелердің сапта тұру тәртібін, бұйрықтардың нақты және үйлесімді орындауын, жеке құрамның сыртқы келбеті мен саптық мәдениетінің белгіленген талаптарға сәйкестігін, қызметкерлердің кәсіби даярлық деңгейін көрді.

Қос мерекемен құттықтап, мерекелік күндерде сала мамандарына үлкен жауапкершілік жүктелетінін жеткізді. Сала қызметкерлері мен ардагерлерін мерекелік алғыс хаттармен марапаттап, бірқатар полиция қызметкерлерінің шені өсті.

Аталмыш шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен ауданның бас полицейі Мұрат Ермеков те сала мамандарына артылған сенім мен жауапкершіліктің үлкен екенін айтып, арнайы марапаттарын табыс етті.

Саптық байқау жеке құрамның ұйымшылдығын арттырып, қызметтік міндеттерді орындау барысында жоғары тәртіп пен бірізділікті сақтаудың маңыздылығын, қажетті техникалар мен құрал-жабдықтардың сақадай сай екенін көрсетті. Мұндай іс-шаралар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстардың құрамдас бөлігі болып саналады.

Мұнан бөлек Жетісай ауданына іргелес Мақтаарал ауданында да 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай тағылымы мол, патриоттық рухты көтеретін бірқатар салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл мерекелер – ел қорғаған ерлерге құрмет көрсетіп, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын маңызды күндер ретінде кеңінен аталып өтті.

Мерекелік шаралар ең алдымен аудан орталығындағы «Даңқ» аллеясында бастау алды. Аталған іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асанов бастаған құқық қорғау органдарының басшылары, әскери бөлім өкілдері, тыл ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлері, аудандық мәслихат депутаттары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, мектептердегі әскери-патриоттық ұйымдар мен аудан тұрғындары қатысты.

Жиналған қауым Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан боздақтар мен ел тыныштығы жолында жанын қиған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, Мәңгілік алау ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Батырлар рухына иіле тағзым етті. Бұл рәсім – ұрпақтар сабақтастығы мен тарихи жадының сақталуының айқын көрінісі болды. Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, тағзым рәсімін қорытындылады.

Мерекелік бағдарламаның жалғасы аудандық мәдениет үйінде өтті. Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылып, ерекше рухта басталды.

Аудан әкімі жиналған жұртшылықты қос мерекемен құттықтап, Отан қорғаушылар мен ардагерлердің ел тарихындағы орны мен еңбегіне ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде бейбіт өмір мен тұрақтылықтың қадірін атап өтіп, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығын жеткізді.

Салтанатты жиын барысында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, құқық қорғау мен әскери салаларда табысты еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды. Бұл – олардың еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет пен ризашылықтың белгісі болды.

Іс-шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Сахна төрінде патриоттық әндер мен соғыс жылдарын еске түсіретін әсерлі музыкалық туындылар орындалып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Өнерпаздардың орындауындағы әрбір ән мен көрініс ел қорғаған батырлардың ерлігіне тағзым ретінде қабылданды.

Жалпы, ұйымдастырылған іс-шаралар жоғары деңгейде өтіп, аудан тұрғындарының бойында патриоттық сезімді нығайтып, тарихи жадыны жаңғыртуға зор үлес қосты.

Тағы бір атап өтерлігі, Түркістан облысындағы 35748 әскери бөлімінің мотоатқыштар батальонында Сарыағаш гарнизоны әскери прокурорының орынбасары, әділет подполковнигі Нусупбек Қазыбек, прокуратура ардагері Садырбай Нұржан және ауған соғысының ардагері Ахмет Жұмабековтың қатысуымен тағылымды кездесу өтті.

Қонақтарға сарбаздардың тұрмысы, қару-жарақтары мен әскери бөлімнің тыныс-тіршілігі таныстырылды. Іс-шара «Сарбазға прокурорлық кеңес» акциясы аясында ұйымдастырылып, жастардың құқықтық мәдениетін арттыру мен патриоттық рухын нығайтуға бағытталды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You