![]()
Қауіпсіздік – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз! Осы бағытта су айдындарында қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Түркістан облысында аудандық әкімдіктер мен төтенше жағдайлар қызметі бірлесіп, қауіпсіздік белгілерін орнату жұмыстарын жүргізуде.
Сарыағаш ауданында да өзен-көлдер бойында шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған орындарға арнайы ескерту және ақпараттық белгілер қойылды. Бұл белгілер тұрғындарға судағы қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын ескертіп, қауіпті аймақтардан аулақ болуға шақырады.
“Аудан тұрғындары мен қонақтарын суға шомылу кезінде келесі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз.
- Тек рұқсат етілген орындарда шомылыңыз;
- Балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
- Қауіпті аймақтарға (жылдам ағысты, терең және белгісіз жерлерге) жақындамаңыз.
Өз өміріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігіне бейжай қарамаңыз!” – дейді жауаптылар.
Бұдан бөлек Түркістан қаласында да тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалардың суға кету оқиғаларының алдын алу мақсатында су айдындарында кешенді тексеріс жұмыстары жүргізілді. Қауіпсіздік шарасын қадағалау барысында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және Түркістан қаласының прокуроры Кәукен Нәрікбаев қала аумағындағы бірқатар су нысандарын арнайы аралап, олардың қауіпсіздік жағдайымен танысты. Атап айтқанда, Ескек есу арнасы, Арыс–Түркістан каналы, Қарашық өзені және Дендро саябағындағы жасанды көл тексеріліп, аталған аумақтардағы қауіпсіздік талаптарының сақталу деңгейі зерделенді.
Тексеру нәтижесінде жауапты сала мамандарына су айдындары маңында қауіпсіздік шараларын күшейту, ескерту белгілерін орнату, құтқару құралдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу бойынша нақты жұмыс жоспары бекітілді.
Жалпы, Түркістан облысында су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Түркістан облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Дәурен Жүсіповтің мәліметінше, 2025 жылы өңірде түрлі жағдайларда — құдыққа, шұңқырға, каналдарға құлау салдарынан 55 адам суға батып қайтыс болған. Оның ішінде 25-і — балалар. Ал шомылу маусымы кезінде 27 адам көз жұмса, олардың 13-і ата-анасының қарауынсыз қалған жасөспірімдер. Төтенше жағдайлар департаментінің есепке алу критерийіне сәйкес, шомылу барысында қаза тапқан 11 адам тіркелген. Оның 6-ы – балалар.
Оқиғаларды талдау көрсеткендей, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі жас балалардың су айдындарында ересектердің қарауынсыз қалуынан орын алады. Сонымен қатар, азаматтардың өз күшіне шамадан тыс сенуі, мас күйінде суға түсуі және қауіпсіздік ережелерін елемеуі де — негізгі себептердің қатарында.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
