Түркістан облысының аудан-қаласында жол жөндеу жұмыстары қарқынды

Loading

Мәселен, Жетісай ауданында соңғы жылдары елді мекендер мен ауданаралық жолдарды қалпына келтіру, тас төсеп, асфальттау, тозығы жеткен немесе жаңадан салынған көшелерде тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

Аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан бірінші кезекте жөнделуі тиіс жолдардың құжаттары жасақталып, ішкі жолдарға төселіп жатқан асфальттардың сапасы, төселген тастар мен асфальттардың құрамы, қалыңдығы мен енінің ұзындығы, нығыздалу коэфиценті қатаң бақылауға алынған.

Аудандағы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамыту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын зерделеу мақсатында аудан басшысы Жетісай қаласындағы бірқатар көшелерде болды. Бүгінде Жетісай қаласындағы жалпы ұзындығы 5,7 шақырымды құрайтын Қ.Омаршаев, А.Қалыбеков және С.Жәштаев (Жоба) көшелеріне 2025-2026 жылдарға өтпелі орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мамыр айының соңына дейін толық аяқталуы жоспарланған.

Одан бөлек, жалпы ұзындығы 4,9 шақырымды құрайтын М.Жұмабаев, Ш.Айманов, Рудаки, Д.Нұрпеисова, Ш.Уәлиханов, Ақан сері, Ә.Қашаубаев тұйығы және Қостөбе көшелерінің, жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын Ш.Құдайбердиев, С.Сейфуллин, Оспанов, Малдыбеков және Сүгір көшелерінің орташа жөндеу жұмыстарын бастауға тиісті қаржылар қарастырылған.

Зерделеу барысында аудан әкімі жауапты сала басшылары мен қала әкіміне жұмыстың сапасын қатаң бақылауда ұстауды, мердігер мекеме басшыларына өндірістік кестеден кешікпей уақытылы аяқтауды тапсырды.

Шардара ауданындағы маңызды жол құрылысы аяқталуға жақын

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен өңірде инфрақұрылымды жақсарту, сапалы жолдармен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Солардың бірі – Шардара ауданындағы Жаушықұм мен Қалғансыр елді мекендерін байланыстыратын аудандық маңыздағы автомобиль жолының құрылысы қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын жол құрылысына 483 миллион теңге қаржы қаралған. 2025 жылы жобаның алғашқы кезеңінде жолдың негізін дайындау жұмыстары жүргізіліп, су өткізгіш құрылғылар орнатылды, темір-бетон құбырлар төселіп, жер төсемі тегістелді. Өтпелі жоба ретінде 2026 жылға жоспарланған нысанда бүгінде негізгі құрылыс жұмыстары басталып кетті. Қазіргі таңда мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын белгіленген кестеге сәйкес жүргізу үстінде. Жұмыстар 2 сәуірде басталып, мамыр айының соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев нысан басына арнайы барып, құрылыс барысымен танысып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Аталған жолдың іске қосылуы елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін бермек.

Түркістан шаһарында жол-көлік инфрақұрылымы жүйелі түрде дамып келеді

Бұдан бөлек Түркістан қаласында да жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытында жоспарлы жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда ұзындығы 1,98 шақырымды құрайтын Бейімбет Майлин көшесін реконструкциялау жұмыстары басталып, орындалу деңгейі 30%-ды құрайды.

Ал Әліби Жангелдин көшесінде жалпы ұзындығы 600 метр жол құрылысы жүзеге асырылуда. Оның 400 метр бөлігінде жол негізі, жиектастар, суағар науалар, жарықшам бағаналары, аяқжол және веложол құрылысы аяқталып, қазіргі уақытта асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, Сығанақ көшесінде ұзындығы 3 шақырым болатын жолды жаңарту жұмыстары іске асырылып жатыр. Асфальт жабынын фрезалау толық аяқталып, аяқжол салу жұмыстары жалғасуда. Асфальт төсеу жұмыстарын мамыр айының алғашқы онкүндігінде аяқтау жоспарланғанын айта өткен жөн.

Айтпақшы, облыс орталығында Түркістанның тарихын насихаттайтын көркем инсталляциялар орнатылып жатыр. Түркістан – тарихы терең, Ұлы Жібек жолының бойында қалыптасқан көне шаһар. Ежелгі кезеңде бұл өңір арқылы өткен сауда керуендерінің негізгі көлік құралы түйе болған. Сол себепті түйе бейнесі – қаланың тарихи-мәдени болмысын айқындайтын маңызды символдардың бірі.

Осы тарихи сабақтастықты жаңаша форматта таныту мақсатында қалаға әуежай бағытынан кіреберіс бөлікте «Ұлы керуен» атты көркем инсталляция орнатылды. Композицияда түйе бейнесі арқылы Ұлы Жібек жолының рухы, керуен мәдениеті және Түркістанның сауда орталығы ретіндегі тарихи маңызы көрініс тапқан. Инсталляция заманауи көркемдік шешіммен орындалып, сюрреализм элементтері мен металлдан жасалған көпқабатты пішіндер арқылы қозғалыс пен уақыт ағымы бейнеленеді. Сондай-ақ ескі инсталляциялар қайта жаңғыртудан өтуде. Мұндай шағын сәулет нысандары Бекзат Саттарханов даңғылы бойындағы алаңда және Этноауыл кешені аумағында да бар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You