
Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының штаб отырысы өтті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ертай Алтаев ашып, жүргізді.
Отырыс барысында балалардың психологиялық жағдайын тұрақтандыру, олардың қауіпсіз ортада өмір сүруін қамтамасыз ету және тәуекел тобындағы отбасылармен жұмысты жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Зылиха Кенжебаева «Қолдау алған және тәуекел тобындағы отбасылармен жұмыс» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ облыстық психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары Гүлмира Төленова 2026 жылдың сәуір айында орын алған жағдайларға талдау нәтижесін ұсынды. Бұдан бөлек, Сайрам, Төлеби және Шардара аудандары әкімдерінің орынбасарлары тәуекел тобындағы балалармен жүргізілген ведомствоаралық жұмыстардың нәтижелері туралы есеп берді.
Комиссия отырысында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары кәмелетке толмағандар арасында орын алатын құқықбұзушылықтар мен әлеуметтік сипаттағы мәселелерге алаңдаушылық білдіріп, бұл бағыттағы жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде күшейту қажет. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың психоэмоционалдық жағдайын тұрақтандыру және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру – басты міндет. Бұл ретте білім беру ұйымдары мен отбасы институтының өзара іс-қимылын күшейту, тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау және оларға уақтылы қолдау көрсету аса маңызды, – деді Ертай Алтаев.
Жиын қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарындағы тәуекел тобындағы балалардың тізімін қайта қарап, жаңарту, балаларға диагностика жүргізу және сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастыру, мектеп психологтарының біліктілігін арттыру, денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлескен жұмысты күшейту тапсырылды.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелеу, әрбір төтенше жағдайды жан-жақты зерделеу, жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарау, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту міндеттелді.
Бұдан бөлек, тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау жүйесін енгізу, педагог-психолог кабинеттерін талапқа сай жабдықтау және мереке, демалыс күндері кәмелетке толмағандардың бақылаусыз жиналуына жол бермеу бағытында шаралар қабылдау тапсырылды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың құқықтарының сақталуына бақылау күшейтілді
Түркістан облысында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес кәмелетке толмағандардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған күшейтілген мониторинг және кешенді тексерулер жүргізілуде. Аталған жұмыстарға Балалар құқығын қорғау басқармасы, прокуратура және ішкі істер органдары, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдар тартылған.
Жүргізілген тексерулер барысында өңірдегі малшы ауылдардың бірінде (қыстақ) бір отбасының балаларды күтіп-бағу және тәрбиелеу жағдайына қатысты алаңдаушылық туғызатын жайттар анықталды. Атап айтқанда, балалардың қараусыз қалу, оларға қатысты тиісті күтімнің болмауы, сондай-ақ олардың еңбекке ерте тартылу белгілері тіркелді. Отбасында барлығы 10 бала бар, оның 5-еуі кәмелетке толмаған. Ата-анасының бөлек тұратыны белгілі болды. Отбасының әкесі мүмкіндігі шектеулі балаларымен бірге тұрады.
Аталған фактілер бойынша тиісті материалдар белгіленген тәртіппен тіркеліп, құқықтық баға беру үшін құзырлы органдарға жолданды. Қазіргі уақытта тексеру іс-шаралары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, прокуратура органдарының үйлестіруімен жүргізілуде. Сонымен қатар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және кінәлі тұлғаларды заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдануда.
Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі әрбір анықталған жағдай бойынша ерекше бақылауда тұр. Қажет болған жағдайда оларға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілуде.
“Балалардың құқықтарын қорғау мәселесі облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында тұр. Осындай жағдайлардың алдын алу және болдырмау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады”, — дейді жауаптылар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
