Шымкент: Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай студенттерге танымдық экскурсия ұйымдастырылып, есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары туралы ескертілді

Жастар ресурстық орталығы, Шымкент қаласы полиция департаменті және “Бүркіт” арнайы жасағының ұйымдастыруымен Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында жастардың отансүйгіштік және патриоттық сезімдерін арттыру мақсатында Шымкент қаласы Полиция департаментіне қарасты Кинология қызмет орталығына экскурсия өткізілді.

Экскурсия барысында қатысушылар кинология қызметінің жұмысымен танысып, арнайы үйретілген қызметтік иттердің дайындығын тамашалады. Сонымен қатар құқық қорғау саласындағы қызметтің ерекшеліктері жөнінде ақпарат алды. Іс-шараға М. Тынышбаев атындағы Шымкент ALT көлік колледжінің студенттері қатысты.

Бұдан бөлек оқу жылының аяқталуына орай, Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған айлық іс-шараның өткізілуі кезеңінде шымкенттік полицейлер тағы да студенттермен кездесіп, оларға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары және нашақорлықтан аулақ болудың маңыздылығы туралы ескертті.

​Бұл жолы олар үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірге М.Әуезов атындағы Оңтсүтік Қазақстан зерттеу университетіне барып, нашақорлықтың, психикалық белсенді заттарды қолданудың алдын алу мақсатында студенттермен арнайы кездесу өткізді. ​Жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, жаңа психоавтивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетті.

​Сонымен қатар, интернет-дүкендердің әкімшісі болу және есірткі жасыруға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленгені туралы ескертті. ​Іс-шара соңында студенттер көкейлеріндегі жүрген сұрақтарын қойып, кеңінен жауап алып, өзара еркін пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың денсаулығы мен қауіпсіздігі – ел болашағының кепілі екенін атап өтіп, есірткіге қарсы күресті күшейтудің маңыздылығына ерекше назар аударған болатын. Бүгінде елімізде нашақорлықтың алдын алу, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күшейтіліп, интернет арқылы таралатын есірткі арналарына тосқауыл қою шаралары қарқын алған.

Осы тұрғыда Шымкентте ұйымдастырылған танымдық кездесулер мен профилактикалық іс-шаралар жастардың құқықтық сауатын арттырып, оларды салауатты өмір салтын ұстануға бағыттайды. Мұндай бастамалар жас буынның есірткіден бойын аулақ ұстап, қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінуіне ықпал ететіні сөзсіз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You