
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Жаңа редакциядағы заң мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға, кадрлық процестерді цифрландыруға және азаматтарға қызмет көрсетудің сервистік моделін қалыптастыруға бағытталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Қанат Керімханұлы Қадырбеков айтып өтті.
Құжатта алғаш рет мемлекеттік қызметтің миссиясы мен негізгі мақсаты нақты айқындалды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен олардың лауазымдық міндеттері заңнамалық деңгейде бекітілмек.
Заң аясында мемлекеттік қызметке іріктеу толық цифрлық форматқа көшіріледі. «Е-қызмет» жүйесі арқылы конкурс өткізу ашықтықты қамтамасыз етіп, талантты жастарды мемлекеттік қызметке тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жас мамандарды мемлекеттік қызметке даярлау институтын енгізу қарастырылған.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуына ерекше назар аударылды. Ұзақ жыл еңбек еткен қызметкерлерге зейнетке шығарда қосымша төлемдер қарастырылып, еңбек құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіледі. Демалыс күндері мен артық жұмыс уақыты үшін қосымша ақы төлеу де заңда нақты көрсетілген. Жаңа заң мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттырып, халықпен тиімді әрі ашық жұмыс жүргізуге негіз болады деп күтілуде.
Мемлекеттік қызмет саласын жетілдіруге бағытталған жаңа заң жобасы мемлекеттік аппарат жұмысына бірқатар маңызды өзгерістер енгізеді. Негізгі мақсат – азаматтарға қолайлы, ашық әрі тиімді мемлекеттік қызмет жүйесін қалыптастыру.
Заңда мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарланған жұмыс моделі енгізіледі. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қызмет алу барысында кездесетін құқықтық және цифрлық кедергілерді жою көзделген.
Құжатта сайланбалы мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесі де жеке қарастырылған. Ауыл әкімдері секілді сайланатын тұлғаларға қатысты арнайы оқыту тәртібі енгізіліп, олардың жауапкершілігі мен өкілеттіктері нақтыланады. Заң мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға да басымдық береді. Атап айтқанда, «Б» корпусы қызметкерлері үшін көлденең мансаптық өсу тетігі енгізіліп, жалақы мөлшері кәсіби деңгейге байланысты белгіленеді.
Сондай-ақ, құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Мемлекеттік органдарда алдын алу қызметтері құрылып, әдеп жөніндегі уәкілдердің рөлі күшейтіледі. Бұл еңбек дауларын әділ шешуге және мемлекеттік қызмет мәдениетін дамытуға ықпал етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
