Брифинг: Шымкентте 2026 жылы 62 нысанның құрылысы жүргізіледі

Loading

Шымкент қаласында 2026 жылы құрылыс саласында ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қалалық құрылыс басқармасының мәліметінше 62 нысанның құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде тұрғын үйлер, инженерлік инфрақұрылым және әлеуметтік нысандар бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен «Шымкент қаласының құрылыс саласындағы атқарылған жұмыстар, қол жеткізілген нәтижелер және алдағы жоспарлар туралы» тақырыбындағы баспасөз конференциясы Шымкент қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Қылышбекұлы Әжібаев мәлімдеді.

Жоспарға сәйкес, жалпы көлемі 102 мың шаршы метр болатын 32 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 1243 пәтер ел игілігіне тапсырылмақ. Тұрғын үйлердің 12-сі Тұран шағынауданында, 20-сы Бозарықта орналасады.

Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары мен кредиттік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арнап 771 пәтер сатып алу көзделген. Қазіргі таңда оның 720-сы сатып алынған.

Қалада инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасуда. Бозарық және Тұран шағынаудандарында 3 инфрақұрылым нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Барлық жобаларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Бұдан бөлек, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету және төтенше жағдайлар салаларында жаңа нысандар бой көтереді. Жыл соңына дейін бірнеше мектепке қосымша ғимараттар салынып, әлеуметтік және медициналық мекемелер пайдалануға берілмек.

Шымкент қаласында 2026 жылы тұрғын үй қорын жаңарту мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар да күшейтіледі. Биыл реновация бағдарламасы аясында апатты деп танылған 13 тұрғын үйдің тұрғындарын жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Еңбекші ауданында бірнеше жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, қалада 31 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, 26 тұрғын үйдегі тозығы жеткен 37 лифт ауыстырылады.

Әлеуметтік нысандар құрылысы да назардан тыс қалмайды. Жыл соңына дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 150 орындық оңалту орталығы мен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қосымша ғимараты пайдалануға беріледі.

Білім беру саласында 7 жаңа нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде мектептерге қосымша ғимараттар мен студенттерге арналған жатақхана бар. Сондай-ақ, бірқатар білім беру мекемелерінде күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Қалада денсаулық сақтау, мәдениет және төтенше жағдайлар салалары бойынша да жаңа жобалар іске асырылып, бірқатар нысандардың құрылысы 2027 жылға өтпелі болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You