Шымкент: Абай ауданының прокуратурасы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп түнгі уақытта ойын-сауық орындарында рейдтік іс-шара өткізді

Loading

«Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Абай ауданының прокуратурасы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп кальян өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау және кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз жүру фактілерін анықтау мақсатында рейдтік іс-шара өткізді. Бұл туралы Шымкент қаласының прокуратурасы хабарлады.

Рейд барысында аудан аумағындағы қоғамдық тамақтану және ойын-сауық мекемелерінің қызметі тексерілді. Тексеру кезінде кальян өнімдерін өткізуге қатысты заңнама талаптарының сақталуына, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша заңнама талаптарының жекелеген бұзушылықтары анықталды. Анықталған фактілер бойынша прокурорлық ықпал ету шаралары қабылданып, кінәлі тұлғаларды заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуда.

«Абай ауданының прокуратурасы заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырады. Осыған байланысты кәсіпкерлік субъектілерін заң талаптарын қатаң сақтауға, ал ата-аналарды балаларының түнгі уақыттағы жүріс-тұрысына бақылауды күшейтуге шақырамыз», — жауаптылар.

Қоғамдық қауіпсіздік пен жас ұрпақтың құқықтарын қорғау – құқықтық мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен Тәртіп» қағидаты азаматтардың қауіпсіз өмір сүруінің берік негізі болуы тиіс екенін үнемі атап келеді. Бүгінде елімізде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, зиянды өнімдердің заңсыз айналымына тосқауыл қою және қоғамдық орындардағы тәртіпті күшейту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Осы тұрғыдан алғанда, Абай ауданында ұйымдастырылған рейдтік іс-шара заң талаптарының сақталуын бақылап қана қоймай, кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыруға және ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін күшейтуге ықпал етеді. Заң талаптарының мүлтіксіз орындалуы, мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен іс-қимылы ғана қауіпсіз орта қалыптастырып, жастардың жарқын болашағына жол ашады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You