![]()
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс саласында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Шымкент қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының орынбасары Алиярхан Рүстембаевтың мәліметінше, биыл аумақтық қорғаныс бағытында бірқатар ауқымды оқу-жаттығулар ұйымдастырылған. Атап айтқанда, ақпан айында 50120 әскери бөлімінің қатысуымен командалық-штабтық жұмылдыру оқу-жаттығуы өткізіліп, әскери жағдай енгізілген кездегі іс-қимылдар пысықталды. Сонымен қатар, әскери міндеттілерді қабылдау, жұмылдыру техникасын жинақтау және маңызды нысандарды күзету бойынша практикалық шаралар көрсетілді.
Сәуір айында «Ақтас» оқу полигонында әскери міндеттілердің қатысуымен тактикалық-арнаулы оқу-жаттығу жиыны өтті. Оған Шымкент қаласынан 157 әскери міндетті шақырылып, теориялық және практикалық дайындықтан өтті. Жаттығу барысында маңызды стратегиялық нысандарды қорғау, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау және төтенше жағдайларда жедел әрекет ету тәсілдері пысықталды.
Оқу-жаттығулардың қорытындысында жоғары нәтиже көрсеткен әскери міндеттілер марапатталып, 62 азаматқа арнайы әскери шендер табысталды. Мамандар мұндай іс-шаралар қаланың қорғаныс қабілетін арттырып, әскери резервтің дайындығын нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Биылғы бес айдың өзінде қаладағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелері мен ірі кәсіпорындарда 496 сейсмикалық оқу-жаттығу өткізілген. Оған 148 мыңнан астам адам мен 2400-ге жуық техника тартылды. Сонымен қатар, әуежай, сауда ойын-сауық орталықтары, тұрғын үй кешендері, базарлар және теміржол вокзалында өрт қауіпсіздігі бойынша тактикалық жаттығулар ұйымдастырылды.
Брифингте халықты төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар етуге арналған «Mass Alert» жүйесінің жұмысы да таныстырылды. “Cell Broadcast” технологиясына негізделген бұл жүйе белгілі бір аумақтағы барлық ұялы телефондарға бірнеше секунд ішінде ескерту хабарламасын жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жүйе Шымкент қаласында штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Мамандардың айтуынша, «Mass Alert» жүйесі тек жер сілкінісі кезінде ғана емес, өзге де ауқымды төтенше жағдайлар кезінде тұрғындарды жедел құлақтандыруға мүмкіндік береді. Осылайша, қалада төтенше жағдайлардың салдарын азайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
