![]()
Шымкент қаласындағы Қызғалдақ сарайында Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері, қоғам өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Іс-шараны ашқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тәртіп сақшылары мен ардагерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың адал қызметі, жоғары кәсібилігі мен антқа беріктігі үшін алғыс білдірді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және құқықтық тәртіпті нығайту ісіндегі полицияның маңызды рөлін атап өтіп, «Заң және Тәртіп» қағидаты қоғам тұрақтылығының негізі екенін айтты.
Іс-шара барысында қала әкімі қызметін үлгілі атқарған полиция қызметкерлерін алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар, құқықтық тәртіпті нығайтуға үлес қосып жүрген полицияның қоғамдық көмекшілері мен белсенді азаматтарға да естелік марапаттар табысталды.
Қала әкімі полиция қызметкерлері алдағы уақытта да өз міндеттерін абыроймен атқарып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен азаматтардың құқығын қорғау жолында аянбай еңбек ететініне сенім білдірді.
Мұнан соң Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев құттықтау сөз сөйлеп, полиция қызметкерлеріне жүктелген жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталды.
– Азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау – үлкен жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет. Сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасында тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінеді. Антқа адалдықтарыңыз бен қызметке деген беріктіктеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді генерал.
Мереке аясында «Полицияға алғысыңызды қалай білдірер едіңіз?» атты акция ұйымдастырылды. Арнайы әзірленген тақтаға қала тұрғындары мен қонақтары өздерінің жылы лебіздерін, тілектері мен тәртіп сақшыларының еңбегіне қатысты естеліктерін жазды. Тұрғындар бастаманы белсенді қолдап, полицейлердің күнделікті қызметіне ризашылықтарын білдірді.
Қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін 785 полиция қызметкері марапатталды. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысып жүрген полицияның қоғамдық көмекшілері мен белсенді азаматтарға алғыс хаттар табысталды.
Салтанатты іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланып, өнерпаздар қонақтарға көтеріңкі көңіл күй мен ерекше мерекелік атмосфера сыйлады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
